Елорда әкімдігі Қаныш Сәтбаев пен Махатма Ганди ескерткіштеріне орын іздеп жатыр
Академикке ескерткішті Қажымұқан мен Сәтбаев көшелерінің қиылысына орнату дұрыс болады деген пікір айтылып отыр
НҰР-СҰЛТАН, 21 қаңтар – Sputnik. Елордада академик Қаныш Сәтбаев пен үнді халқының рухани көсемі Махатма Гандиге ескерткіш орнатылады. Бұл туралы астананың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Ескерткіштердің нақты қайда орнатылатынын қазір айта алмаймын. Бұл Махатма Ганди және Қаныш Сәтбаевқа арналған ескерткіштер. Орын таңдалып жатыр, оларды кез келген жерге қоя алмаймыз. Қолайлы орынға қоямыз», -деді Ұранқаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатынан кейін.
Мәселен, оның айтуынша, академикке ескерткішті Қажымұқан мен Сәтбаев көшелерінің қиылысына орнату ыңғайлы болар еді.
Былтыр әлеуметтік желіде елордада Назарбаевтың ескерткіші орнатылатын орынның анықталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда кейін «Бәйтерек» елорда құрылысшылары одағы бұл ақпаратты теріске шығарды.
Тағы оқыңыз: Ресейде қазақ сұлтанына ескерткіш орнатылды
Ұранқаев Елбасыға арналған ескерткіштен мүлде хабарсыз екенін жеткізді. Елбасының құрметіне ескерткіш тұрғызуды президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беру рәсімі кезінде ұсынған болатын.
sputniknews.kz