Жүкті әйелдерге қажетті 13 кеңес

0
Бала тәрбиесі – ХХІ ғасырдың ең маңызды мәселелерінің бірі. Елінің болашағы ұрпағының қолында екенін түсінген әр ұлт бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуде. Ал баланы тәрбиелеу ол туылған сәттен емес, құрсаққа біткен тұстан басталатынын қазіргі ғалымдар енді дәлелдеп жатса, Пайғамбарымыз ﷺ осыдан 14 ғасыр бұрын айтып кеткен. Жүкті әйелдің мәртебесі — өте жоғары. Пайғамбарымыз ﷺ бұл туралы: «Әйел құрсақ көтерсе оған Алла жолында күнімен ораза ұстап, түнімен намаз оқығанның сауабы жазылады. Ал босанар уақыты жақындап, қиналған сәтте, Алланың ешбір жаратылысы ол әйел үшін қаншалықты сый-сияпаттың әзірленгенін білмейді. Дүниеге нәресте әкеліп, көкірегіндегі сүтімен баласын емізген әр сәті үшін, нәрестенің әр емгені үшін де марапатталады. Өліні тірілткендей болады. Баланы емізуді доғарған уақытта, періште оның иығынан түртіп, «сый-сияпат алуды жалғастыр» дейді».Осыншалық нығметке бөленбек үшін сәби күтіп жүрген аруларымыз бала тәрбиесінде кеш қалып қоймасын деген ниетпен, тәрбие бастауына аз-кем тоқталып кетелік.

— Аллаға шүкіршілік айту

Көптеген ата-аналардың бір сәбиге зар болып жүргені барлығымызға мәлім нәрсе. Сондықтан, аяғының ауырлағанын білген әйел Аллаға көп шүкіршілік айтуы керек. Өйткені, ана болу бақыты кез келген адамға бұйыра бермейді.

Тіпті ұлық пайғамбарлар Ибраһим (а.с.) мен Зәкария (а.с.) да өз перзенттерін зарығып, көп күтіп барып көрген. Ал сізге мұндай игілік нәсіп еткен болса, бұл – үлкен қуаныш.

— Баласы үшін дұға ету

Әйел адам бойына бала бітіп, Алла Тағаланың оны ерекше жақсылықпен қуантқан сәтін білгенде дұға жасауы – сүннет. Бұл туралы Құранда да айтылған. Мәриям анамыздың анасы Ханна қызына аяғы ауыр екенін білген сәтте, бірден дұға жасайды. Бұл туралы Әл-Ғимран сүресінің 35-аятында: «Ғымранның жұбайы (Фақуза қызы Ханна): «Раббым! Ішімдегіні азат қылған түрде Саған арнадым, менен қабыл ал! Расында Сен өзің аса естуші, білушісің», – дейді. Ал ұрпағын дүниеге әкелгенде, Аллаға құлшылыққа арнаған баласының қыз екенін көріп: “Раббым! Шынында мен қыз таптым” деді. Алла оның не тапқанын біледі. Ұл, қыздай емес. «Мен оның атын Мәриям қойдым. Оны да, ұрпағын да шайтанның азғыруынан сақта”, – деп дұға етті. Ханнаның дұғасы өз қызы Мәриямға ғана емес, жиені Иса пайғамбарды да қамтыған еді.

Сондықтан, аяғы ауыр екенін білген мұсылман әйелі бірден: «О, Алла! мені және ұрпағымды құлшылық жасайтындардың қатарынан қыл!» – деп дұға еткені жөн. Бір рет жасап қоймай, жүктілік мерзімі жалғасқан уақыт бойы үнемі намаз кезінде бұл тілекті қайталай беруі керек. Тәһажудке тұрып дұға етсеңіз, тіпті жақсы.

— Сабырлық танытып, көп кешірім сұраңыз

Аяғы ауыр кезінде әйел адам психологиялық күйзеліске жиі ұшырайды. Күйеуінің кей қылықтарына көңілі толмай, өзінің жай-күйіне разы болмай, жоқтан өзгеге ашулана береді. Мұндайда сабырлық танытып, Құдайдан күнделікті жиі кешірім сұраған дұрыс.

— Бала тәрбиесі туралы кітаптарды көбірек оқыңыз

Жүктілік кезінде ананың не жейтіні, не ойлайтыны, уақытын қайда жұмсайтыны өте маңызды. Тоғыз айға созылған жүктілік мерзімі – нәрестені күту, бала психологиясы, тәрбие түрлері туралы оқуға таптырмайтын уақыт. Бала дүниеге келген алғашқы уақытта өзіңізді ештеңе білмейтіндей сезінуіңіз мүмкін. Бірақ уақыт өте келе оқығандарыңыздың пайдасы тие бастағанын өзіңіз де байқайсыз.

Оқуға ниетіңіз болмаса, жүкті әйелдерге, болашақ аналарға арналған курстарға жазылыңыз. Бұл арқылы көптеген пайдалы ақпараттарға қол жеткізеріңіз анық.

— Балаңызды Құранмен таныстырыңыз

Нәресте ана құрсағындағы төртінші айында дыбыстарды ажырата бастайтыны ғылымда дәлелденген. Сондықтан құрсақтағы балаңыз тыңдау үшін Құранның аудиожазбасын жиі қойып беріңіз, өзіңіз де дауыстап оқып тұрыңыз. Жүктілік мерзімінде Құран оқуды әдетке айналдырсаңыз, сәбиіңізге ғана емес, өзіңізге де көп пайдасы тиері анық. Бұл болашақта балаңыздың Құранды тез жаттауына да ықпал етеді. Алланың сөзі – Құранды оқып, пайғамбарлар өмірбаянынан сыр шертер кітаптарды оқысаңыз, балаңыз да сондай болмаққа ұмтылады. Сахабалардай жақсы жандарға ұқсап туары анық.

— Жүктіліктің бәрі бірдей болмайтынын есте сақтаңыз

Аяғыңыздың ауыр екенін білген сәттен токсикозға, жаман, жағымсыз көңіл-күйге дайындалудың қажеті жоқ. Өйткені, әркімнің жүктілігі әрқалай өтеді. Бірінші балада ауыр токсикоз мазаласа, екінші балада ол мүлде болмауы да мүмкін.

— Дәрігеріңізді дұрыс таңдаңыз

Әрине, қаржылық жағдай көтермесе, қалаған гинеколог-акушеріңізді таңдау оңай емес. Дегенмен, сіздің жүктілік мерзіміңіздің сәтті өтуі көп жағдайда дәрігеріңізге де байланысты болады. Кей дәрігерлер аяғы ауыр әйелді сақтандыруға жатқызып немесе түрлі дәрі-дәрмектер қабылдауға кеңес беріп, кейде қимыл-қозғалысқа, спортпен айналысуға тиым салып, құрсақтағы балаға қауіп төніп тұрғанын айтып мазасыздандырады. Мұның бәрі әйелдің психологиялық көңіл-күйіне де, физикалық жағдайына да әсер етпей қоймайды. Сондықтан, гинекологыңыз дұрыс диагноз қоймай тұрғандай көрінсе немесе онымен жұмыс істеу сізге қолайсыздық тудырса өзге маманның көмегіне жүгініп көрген артық болмайды.

Дәрігердің қабылдауына келгенде өзіңізді мазалап жүрген, бірақ ақылға сиымсыздау көрінетін сұрақтарыңыз болса да, ұялмай сұрай беріңіз. Өзіңізді мүлде көрмеген интернет-форумның адамдарынан кеңес сұрағанша, нақты өз ісінің маманынан жауап алған әлдеқайда дұрысырақ екені белгілі.

— Жүктілік кезіндегі қорқыныштар

Аяғы ауыр уақыттағы қорқыныш барлық әйелге тән. Біз тоғыз ай бойы өз құрсағымыздағы сәбиімізге не болып жатқанын білмейміз, ана болуға дайын еместей көрінеміз, кішкентай өзгерістердің өзін үлкен үреймен қабылдаймыз. Мұндай сәттегі ең үлкен кеңес – барлық жағдайыңызды Аллаға тапсырыңыз. Бала – Алланың аманаты. Ол өзі қорғайды. Болашақ ана баласының алдындағы міндетін дұрыс сезінуі керек. Салауатты өмір салтын ұстанып, позитивті ойлар ойлап, Алла Тағаладан жеңіл босануды сұрап, көп дұға етуі қажет. Аяғы ауыр әйелдің бәрінде өз-өзінен жылағысы келіп, көңіл-күйінің күрт бұзылатын сәті немесе аяқ астынан қуанып, ұшып кеткісі келетін кездері де жиі болады. Кейде жүрегі айнып, құсқысы келіп, басы ауырып жатады. Есіңізде сақтаңыз, мұның бәрі уақытша! Ең бастысы, Алладан жағдайыңыздың жеңілдеуін сұрап дұға етуді тоқтатпаңыз. Әсіресе, бәріне белгілі мына дұғаны “О, Жаратушым! Ауырлатпа, жеңілдет! О, Аллам, жақсылықпен аяқта” жиі қайталаңыз. Сөзсіз, Алла, дұғаңызды қабыл етеді.

— Дұрыс тамақтануға көңіл бөлу

Аяғы ауыр әйелдің дұрыс тамақтануы да өте маңызды. Іштің қатуына әкелетін тамақтарды жемей-ақ қойған жөн. Сонымен қатар, ащы, тұзды, дәмдеуіштері көп тағамдардан да тартынған дұрыс. Тоя тамақ жеген де зиян. Аз-аздан, жиі-жиі ішіңіз. Ақуызды тағамдарды көбейтіңіз.

Шәй мен кофені аз қолдануға тырысыңыз. Бұл кездері сізге жемістер мен көкөністер, дәнді дақылдар өте пайдалы. Құрамында кальцийі көп сүт тағамдарын да молынан қолдануды әдетке айналдырыңыз.

Және бір ескере кететін жайт, жүктілік мерзімінде құрманы көбірек жеген өте пайдалы. Өйткені, құрма – әлемдегі ең көне, Құранда аты ең дәмді тағамдармен қатар жиі аталатын жеміс. Бүгінде ғалымдар бұл жемістің құнарлығын, талай ауру-сырқауға ем болатындығын айтып жүр. Ал жүкті әйелге пайдасы жөнінде Мәриям сүресінің 23-26 аяттарында былай делінеді:

«Сонда оны толғақ қысып, құрма ағашының түбіне барды да: «Әттең-ай! Мен бұдан бұрын өліп қана мүлде ұмытылып кеткен болсам еді» деді. (Періште) оның астыңғы жағынан: «Кейіме, Раббың астыңнан бір бұлақ жаратты» деп дабыстады. «Құрманың бұтағын өзіңе қарай сілкі. Саған жас құрма түседі» (деген үн келді). Ал енді же де, іш. Көз айым бол!..» Алла Тағала толғақ қысқан сәтінде осылай Мәриямға құрманың дәмін татырды. Әрине, мұнда даналық жатыр. Өйткені, жақында ғалымдар құрманың әйел босанар сәтте өзіне де, сәбиіне де өте пайдалы екенін анықтап отыр. Сол себепті де дәрігерлер жүктілік кезінде де, босанатын күні де үзбей құрма шырынын ішуге кеңес береді. Жеміс шырыны әлсіреген анаға күш беріп, босануын жеңілдетеді әрі жаңа дүние есігін ашқан нәрестеге қажетті ана сүтінің түзілуіне себепші болады. Сондай-ақ, босану кезінде әйел көп қан жоғалтса, қанының құрамында қант төмендеп кетеді. Ал ағзадағы қанттың орнын толтырып, қан қысымының төмендеуінің алдын алады. Осыдан-ақ ның Мәриям анамызға құрма жеуді бұйыруының тегіннен-тегін болмағанын түсінеміз.

— Физикалық белсенділікті арттыру

Дүниеге дені сау сәби әкелу үшін қимыл-қозғалысыңызды арттырыңыз. Егер жүктілікке дейін спортпен айналысқан болсаңыз, ағзаңызға қатты күш салмай жалғастыра берсеңіз болады. Ал бұрын спортты дос етпеген болсаңыз, онда таза ауада жаяу көп серуендеңіз. Құрсақтағы сәбиіңіздің дұрыс дамуына оттегінің ықпалы зор.

— Дәрі-дәрмек қабылдау

Кез-келген дәрі-дәрмектен, оның ішінде ауруды басатын дәрілерден де қашқаныңыз жөн. Көптеген дәрілер баланың дамуына кері әсерін тигізеді. Ал қатты ауырғандай жағдай болса, гинекологтың кеңесіне жүгініп, ненің рұқсат етілгенін біліп қана әрекет жасаңыз. Суық тиіп, грипп болып жатсаңыз да, мүмкіндігінше дәрі қолданбауға тырысыңыз. Асқындырып алғаныңызды байқасаңыз дәрігердің көмегіне, кеңесіне жүгініңіз. Кейде дәрісіз емделмейді-ау деген аурулар болады. Ондайда маманның көмегінсіз өз бетіңізше ем жасамағаныңыз дұрыс.

— Дұрыс демалу

Қатты шаршағаныңызды байқасаңыз, демалудан қашпаңыз. Кішкентай балаларыңыз болса да, уақыт тауып күндіз де ұйықтап алған дұрыс. Күйеуіңіз бен туыстарыңыз, жақындарыңыздың көмегінен бас тартпаңыз. Шаршаған уақытыңызда сізден басқа үйде тамақ әзірлейтін ешкім жоқ болса, жеңіл-желпі ас пісіре салсаңыз болады. Ауыр заттарды мүлде көтермеңіз.

— Өзіңізді тәрбиелеңіз

Жаман қасиеттеріңізден арылуға тырысыңыз. Аяғы ауыр кезінде ананың тәртібі жаман болса, ол балаға беріледі. Бүкіл уақытын құрбысымен әңгімеге арнаса, телефоннан түспесе, дүниеге келген бала да сөзшең болып шығады. Балаңыз жамандыққа жоламасын десеңіз, харам астан аулақ болыңыз.

Алла Тағала берген ұл да, қыз да нығмет екенін есіңізден шығармаңыз. «Маған ұл керек еді, УЗИ қыз деді», – деп күтіп жүрген сәбиіңізге немқұрайлы қарап, Аллаға мұң шағуды қойыңыз. Өйткені, құрсақта жатса да нәресте бәрін сезеді. Сіздің сондай қарым-қатынасыңыз кішкентайыңыздың мінез-құлқына әсер етуі мүмкін.