«Көп балалы аналар сияқты бала саны аз отбасыларға да көмек берсін!»
17 қаңтарда түстен кейін Шымкент қалалық әкімдігіне оннан астам әйел барып, әлеуметтік мәселелерін айтып, шағымданды. Олардың басым бөлігі бір-екі баласы бар көп балалы аналар санатына кірмейтін жалғызбасты әйелдер болды. Олар «көп балалы аналар сияқты бала саны аз отбасыларға да мемлекет жәрдем берсін» деп талап етті.
— Пәтерде тұрамын. Үш балам бар. Несием бар. Біз мемлекеттен несие төлесін деп тұрған жоқпыз. Көп балалы аналар сияқты мемлекет бізге де жағдай жасасын. Бізге жылына оқу жылы алдында 25 мың теңге көмек береді. Бұл жетпейді. Біздің балаларымызға да азық-түлік, киім-кешек керек, — деді әкімдікке баласын көтеріп келген аналардың бірі.
Олар мемлекеттен берілетін көмектің мардымсыз екеніне шағымданып, әрең күнелтіп отырғандарын айтты. Олардың кейбірі басындағы қиын жағдайды айтамын деп көз жасын сығып алды.
Жиналғандар арасында сонымен бірге көп балалы аналар да болды. Солардың бірі төрт баланың анасы Жұлдызай Тұрсынбаева «мемлекет биылдан бастап балалары үш жасқа толған аналарды жұмысқа шығуға мәжбүрлеп жатыр, бұл дұрыс емес» деп арыз-шағымын жеткізді.
— Қазір балаларым үш жасқа толып кеткеннен кейін маған жұмысқа шық деп жатыр. Ал мен үш жасқа толған баламды қалайша үйде жалғыз қалдырамын? Өзім жалғызбасты анамын. Оның үстіне төрт баланың біреуін азанда мектепке апарамын, біреуін кейін сабаққа апарамын. Біз сонда қалай жұмыс істейміз? Үкімет заманына қарай заң қабылдамай ма? Қазір не болып жатыр? Балалар өртеніп өліп жатыр. Әр жерде зорланып жатыр, — деді жылап сөйлеген Жұлдызай Тұрсынбаева.
Ол жылына бір рет төленетін көмірге деп берілетін 25 мың теңгеден де биыл айрылуы мүмкін екенін айтты.
Әйелдердің алдына әкімдіктен Ақмарал Пернебекқызы есімді қызметкер шықты. Ол әйелдерге биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекпен қатар тегін жолақы, тегін ыстық тамақ сияқты көмекпен қамтамасыз ететінін айтып, аналарды сабырға шақырды. Оның айтуынша, қазір көмекке зәру отбасылардың тізімі жасалып жатыр, кейінірек бұл білім басқармасына, қажетті мекемелерге беріледі.
— 1 жастан 3 жасқа дейін — азық-түлік пакеті, 3 жастан 6 жасқа дейін — азық-түлік жиынтығы, бір жас пен 3 жас аралығында жаялық сияқты гигиеналық заттар беріледі. 6 жастан 18 жасқа дейін әр бала тегін жолақы, тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бес бала болса, бес балаға тегін тамақ беріледі, — дейді ол.
Ал Жұлдызай Тұрсынбаева әлеуметтік пакетке кіретін заттар тізімін көргенін айтып, оның өте мардымсыз екенін айтты.
— Онда мысалы, 300 грамм жарма, 300 грамм сондай бір дақыл түрі көрсетілген. Бұны бір айға беріп отыр. Бұл ештеңеге жетпейді, — деді ол.
2020 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жаңа тәртіппен беріле бастады.
Жаңа ережеге сай, үкімет көп балалы отбасыларға табысына, әлеуметтік жағдайына қарамай ай сайын жәрдемақы төлейді. Енді билік төрт балаға — 42 496 теңге (бір балаға 10 500 теңге), бес балаға — 53127 теңге, алты балаға — 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңге береді. Ал 2019 жылдың 1 сәуірінен бері көп балалы және тұрмысы төмен отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге көлемінде қаражат беріліп келсе, енді биылдан бастап АӘК тек күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегіне байланысты беріледі. Бірақ әйелдер арасында жаңа жүйеге қарсылар да бар.
Оқи отырыңыз: Әйелдер наразылығын тудырған жаңа тәртіп. АӘК пен жәрдемақы енді қалай төленеді?