Зейнетақы жинағындағы ақшаны ерте алудың жолдары айтылды
Қысқа сілтеме алу
Зейнеткерлік аннуитетті алғаннан кейін жұмыс істейтін адамдар зейнетақы қорына тағы ақша жинайды. Сөйтіп, 63 жаста зейнетақы қорынан да, аннуитет компаниясынан да төлемдерді алып отырады
НҰР-СҰЛТАН, 17 қаңтар – Sputnik. Мемлекеттік аннуитет компаниясының басқарушы директоры Әлемжан Ақажанов зейнеткерлік аннуитет шарттарының қалай өзгеретінін айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Зейнеткерлік аннуитет» қалай беріледі?
Қазіргі заңнамаға сәйкес, зейнетақы қорындағы ақшаны ай сайынғы төлем ретінде мерзімінен бұрын алуға болады. Ол үшін есепшотта жинақтың нақты бір мөлшерін жинау қажет. Оның көлемі жыл сайын экономикалық көрсеткіштерге қарай өзгеріп тұрады. Мәселен, биыл ер адамдар үшін қажетті соманың мөлшері 10 809 889 теңге болса, әйелдер үшін 14 485 100 теңгені құрайды. Оған қоса, нақты жас ерекшелігі де белгіленген. 2020 жылдан бастап ер адамдар 55 жаста, ал әйелдер 51,5 жаста (жыл сайын жарты жылдан қосылады — Sputnik Қазақстан) қажетті соманы жинап, зейнеткерлік аннуитет шартымен ай сайынғы төлемді ерте ала алады.
«Ол үшін зейнеткерлік аннуитет туралы келісім жасалады. Салымшының есепшотындағы ақша өмірді сақтандыру компаниясына аударылады да, кесте бойынша ай сайын зейнетақы төлемдері беріле бастайды. Мәселен, біз адамның зейнетақы жинақтарын 110 жасқа дейін жоспарлап қоямыз. Зейнеткерлік аннуитет арқылы зейнет жасқа жетпей, тиісті төлемдерді ай сайын алуға болады. Талап бойынша бір төлемнің мөлшері минималды зейнетақыдан кем болмауы тиіс. Әрине, жинақтың сомасы көп болса, ай сайынғы төлем де көбейе түседі «, — дейді Ақажанов.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда зейнеткерлік аннуитет келісімшартын 60 мың адам рәсімдеген.
Аннуитет шарттары қалай өзгереді?
Бүгінде зейнеткерлік аннуитетті барынша қолжетімді ету үшін қосымша шаралар қолға алынып отыр. Алдағы уақытта осы қызметтің тағы екі түрін енгізу жоспарланған. Біріншісі «бірлескен аннуитет» болса, екіншісі — «кейінге қалдырылған аннуитет». Қазіргі кезде осы жобалар бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды.
«Мысалы, «бірлескен аннуитет» ерлі-зайыптыларға арналған. Егер біреуінде зейнетақы жинақтары жеткілікті, ал екіншісінде жеткіліксіз болса, бірлескен аннуитетті алуға рұқсат беріледі. Осылайша, ерлі-зайыптылардың зейнетақы жинақтарын қосып, біреуінің ақшасын екіншісіне құюға болады. Сөйтіп, жетпей тұрған соманы толықтыруға мүмкіндік бар. Соның нәтижесінде екеуі де зейнетақы төлемдерін ерте алады», — дейді Ақажанов.
Ал «кейінге қалдырылған аннуитет» бойынша қазіргі жас ерекшелігіне қатысты талапқа қарамастан, зейнеткерлік аннуитет келісімшартын жасауға мүмкіндік беріледі. Бірақ есепшотта қажетті сома болуы шарт.
«Мәселен, адам 45 жасында қажетті соманы жинаса, зейнеткерлік аннуитетке құжат тапсыра алады. Соның арқасында кепілдендірілген табыс ставкасын белгілеп, алдағы төлемдердің индексациясын қамтамасыз ете алады. Ал артық ақшаны инвестициялауға мүмкіндік бар. Сонда қосымша табыс түседі. Меніңше, алдағы бір-екі жылда осы қызметтер іске қосылады», — деп атап көрсетті Ақажанов.
Маманның сөзіне қарағанда, зейнеткерлік аннуитетті алғаннан кейін жұмыс істейтін адамдар зейнетақы қорына тағы ақша жинайды. Сөйтіп, 63 жаста зейнетақы қорынан да, аннуитет компаниясынан да төлемдерді алып отырады. Оған қоса, базалық зейнетақы алатындар бар.
sputniknews.kz