Павлодар облысының әкімі «өкілетін асыра пайдалану» бабы бойынша күдікке ілінді

0

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың «қызметтік өкілетін асыра пайдалану» бабы бойынша күдікке ілінгенін хабарлады.

«15 қаңтарда ҰҚК Қылмыстық кодекстің 362-бап 2-бөлімінің 2-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іс — «қызметтік өкілетін асыра пайдалану» фактісі бойынша Павлодар облысының әкімі Бақауовқа қатысты жедел-тергеу шараларын жүргізді» делінген 16 қаңтарда кешке тараған ұлттық қауіпсіздік комитетінің үш сөйлемнен құралған хабарламасында.

48 жастағы Болат Бақауовтың ұсталғаны туралы ақпарат 15 қаңтарда тараған. Әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде тараған хабарламада аты-жөнін айтпаған белгісіз адам Бақауовты жиналыс кезінде ұстап әкеткенін айтады. Әкімнің баспасөз хатшысы кейінірек жергілікті ақпарат құралдарына әкімдік «қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр» және «әкім қалада» деп хабарлады.

16 қаңтарға қараған түні Бақауовтың Instagram-дағы парақшасында оның индустрия-инновациялық дамыту басқармасы алқасының жиынына қатысқаны туралы жазба пайда болды.

Болат Бақауов 2016 жылы наурыз айында Павлодар облысының әкімі болып тағайындалған. 2019 жылы шілде айында өкілеті ұзартылды.

Azattyq