Жаркентте «шекараны заңсыз бұзды» деп айыпталған Тәбәрікұлының соты өтіп жатыр

0

16 қаңтарда түстен кейін Алматы облысы Жаркент қаласының Панфилов аудандық сотында «шекараны заңсыз бұзды» деп айыпталған Шыңжаң қазағы Тілек Тәбәрікұлының соты әрі қарай жалғасты. Оған Тәбәрікұлының туыстары, белсенділер жиналған. Істі судья Динара Құйқабаева жүргізіп жатыр.

5 қаңтарда айыпталушы сотқа жеткізілмегендіктен процесс небәрі он минутқа созылған еді.

Туыстары мен адвокаттың айтуынша, 1989 жылы Шыңжаңда туған Қытай азаматы Тілек Тәбәрікұлының үстінен Қазақстанның құқық қорғау органдары 2019 жылы тамыз айында қылмыстық іс қозғап, қазан айында ұстаған. Ол шамамен бір жарым-екі айдан бері Талдықорғандағы тергеу изоляторында қамауда отыр.

— Оның әке-шешесі Қазақстан азаматтығын алған. Бұл кісі Қытайға бір шаруасымен барып, қайтар кезде Қытай шекарашылары паспортын алып қалған. Ол жақта ешқандай заң бұзбаған. Төлқұжатын сұрай берген соң олар қысым жасап, оны лагерьге жіберетінін айтқан. Бұл ақпаратты сол жақта істейтін досы да растаған. Бұдан кейін ол Қорғастағы базарда біраз жұмыс істеп, реті келгенде бері қарай өтіп кеткен. Не заң білмейді, қорқып қашып жүрген. Соның арасында бір жыл уақыт өтіп кеткен, — деген оның адвокаты Абдулла Бақбергенұлы.

Полиция ықтиярхаты бар Тілек Тәбәрікұлын «Қазақстан азаматтығын алайын деп жүрген кезде» ұстаған.

«Нағыз Атажұрт еріктілері» ұйымы өкілдерінің айтуынша, егер Қазақстан Тілек Тәбәрікұлын Қытайға қайтарса, оның үстінен ауыр баптар бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін, себебі ол жақта «шекараны заңсыз кесіп өткен азаматтар ауыр баптармен жазаланады».

Тілек Тәбәрікұлы — «Қытайдағы қысымнан қашып, шекара бұзған» жалғыз қазақ емес.

2018 жылы тамызда «Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті» деген айыппен Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың үстінен сот процесі жүрген. Қоғам назарын аударған сот шешімімен Сайрагүл Сауытбай шартты жазамен бостандыққа шыққан. Сотта Сайрагүл «Шыңжаңдағы лагерьде жұмыс істегенін, кейін қысымнан қашып, шекара бұзуға мәжбүр болғанын» айтқан. Кейін ол Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай, Швецияға кеткен.

23 желтоқсанда Жаркент қаласындағы сот «шекара бұзды» деп айыпталған тағы бір Қытай қазағы Қайша Ақанды алты айға шартты жазаға кескен. Сот оны Қазақстанда қалдырған. «Шыңжаңдағы қысымнан қашып, Қазақстанға келген» Ақанның қолында қазір «пана іздеуші куәлігі» бар. Ол да Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап, арыз жазған.

Бұған дейін Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы шекара бұзып, Қазақстанға өткен. Олар да «Шыңжаңдағы қысымнан қашып келгендерін» айтқан. 6 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында Мұсаханұлы мен Әлімұлының соты басталады.

Желтоқсан айының аяғында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өттім» деп мәлімдеген этникалық қазақ Бағашар Мәлікұлына қатысты қозғалған қылмыстық іс қысқарғанын хабарлаған.

Azattyq