Тоқаев «блатсыз» құрылған кадрлық резерв жастарымен кездесіп жатыр

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Президенттің кадрлық резерві мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне жастарды тарту үшін құрылды. Алғашқы тізімге 300 адам еніп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 15 қаңтар – Sputnik. Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік жастар кадрлық резервімен кездесуі басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Тоқаев президенттік жастар кадрлық резервін құру туралы бастаманы алғаш рет сайлауалды бағдарламасында көтерген еді. Мемлекет басшысы дарынды жастар үшін ашық әрі тиімді әлеуметтік саты құру идеясын алға тартты.

Қасым-Жомар Тоқаевтың жарлығымен Қазақстан президенті жанындағы жастардың кадрлық резерві бойынша ұлттық комиссия құрылды. Мемлекет басшысының бастамасына алғашында 13 мыңнан аса қазақстандық қатысуға ниет білдірген.

Тіркелу былтыр қыркүйекте басталды. Іріктеу алты кезеңнен тұрды. Ұлттық комиссия кандидатураларды қарап, 300 жасты таңдап алды.

Тағы оқыңыз: «Арнайы айтатын сөзім бар»: Тоқаев жастарға үндеу жасады

Іріктеуден өткендердің көбі ірі шетелдік және трансұлттық компанияларда жұмыс істеген, әлі де жұмыс істейтіндері бар. Жобаға 300 адам ғана іріктелсе де, тізімге енбей қалған жастар назардан тыс қалмайды.

Олар келесі іріктеуде қайтадан құжат тапсыра алады. Ал қазіргі жеңімпаздар резервте бес жыл болады.

Президенттік жастар кадрлық резервінің алғашқы тізіміне енген 300 қазақстандықтың аты-жөні резервтің ресми сайтында жарияланды.

Кадрлық резерв жастарға не береді

Президенттік жастар кадрлық резервінің басты мақсаты – білікті басшылардың жаңа буынын қалыптастыру және жастар үшін әлеуметтік сатының ұтымды жүйесін құру.

Жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашылмақ. Жоғары әкімшілік және саяси лауазымдар босай қалған жағдайда, президенттік резервке іріктелген жастардың кандидатурасы қаралады.

Десе де, бұл жастар резервте тұрған кезеңде міндетті түрде басшылық қызметке тағайындалады дегенді білдірмейді. Резервтегі адамдар президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мен филиалдарында кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өтеді.

Жастар қандай лауазымға тағайындалады

  • министрлер мен олардың орынбасарлары;
  • облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері;
  • комитет төрағалары;
  • ұлттық холдинг және компаниялардың басқарма төрағалары мен мүшелері;
  • орталық атқару органдарының жауапты хатшылары;
  • аппарат басшылары.

Кімдер қатыса алады

  • жасы 35-тен аспаған Қазақстан азаматтары;
  • жоғары білімі бар;
  • бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар;
  • бірден үшке дейін ұсыным хаты бар жастар.

Іріктеуге президент тағайындаған саяси мемлекеттік қызметшілер қатыса алмайды.



sputniknews.kz