Нұр-Сұлтанда суретші «Ерекше елде тудым» атты қарсылық акциясын өткізді

0

14 қаңтарда қазақстандық суретші Асхат Ахмедьяров Нұр-Сұлтан әкімдігінің алдында костюмді теріс киіп келіп, акция өткізді. Оның қолында ДЦП дертіне шалдыққан 15 жастағы Аида Біләлованың фотолары жабыстырылған плакат ұстап тұрды. Суретшінің сөзінше, Аида Біләлова он жылдан бері үй кезегінде тұр.

Ахмедьяров акциясы арқылы мүгедек қыздың мәселесіне қоғам мен биліктің назарын аударғысы келгенін айтады.

— Костюмның алдын артқа қаратып киіп, билік қоғамдағы мәселелерге қалай қарайтынын көрсеткім келді. Бұл жерде ДЦП диагнозы қойылған балалардың, соның ішінде Біләловтердің жағдайын көрсетіп отырмын. Біләловтердің отбасында пәтер жоқ. 13 жылдан бері кезекте тұр. Ал қыздары 14 жасқа толған, — дейді суретші.

Аиданың шешесі Ақмараk Біләлованың сөзінше, суретші Ахмедьяров оның желіде жазған постынан кейін көмектескісі келген.

— Кезегіміз созылып кетті. Қызыма жақасы жағдай керек. Әкімдік жекешелендіру құқығы жоқ арендалық баспана ұсынып отыр. Әкімдіктегілер біздің оларға тәуелді болғанымызды қалайды. Мен ондай баспананы алғым келмейді. Себебі үш баламмен кез келген уақытта далада қалуым мүмкін. Біз биліктің көп балалы отбасыларға ғана емес, мүгедек балалардың құқығына назар аударғанын қалаймыз, — деді Ақмарал Біләлова.

Акциядан кейін Ахмедьяров пен Біләлованы әкімдік ғимаратына шақырып, олармен әкім кеңесшісі Елнұр Бейсенбаев кездесді. Оның сөзінше, Біләлова арендалық баспана алып, кейін оны сот арқылы жекешелендіріп алуына болады. Бұдан бөлек, Бейсенбаев отбасының кезегі келгенше жатақханадан бірнеше бөлме беретінін айтты.

— Мемлекет арендалық баспана беріп, отбасы онда өмір бойы тұруына болады. Ал балалары 18 жасқа толған соң мүгедек ретінде сот арқылы үйді жекешелендіріп ала алады, — деді әкім кеңесшісі.

Ахмедьяров Біләловтер отбасы үй алғанша акциясын жалғастыра беретінін айтады. Ол бұл отбасы үй алғанда костюмін дұрыс киетінін жеткізді.

Суретші Асхат Ахмедьяров бұған дейін де бірнеше әлеуметтік-саяси акциялар мен перфоманстар ұйымдастырған.

Azattyq