Шымкент белсенділері өздерін қудаламауды сұрап, ҰҚК-ге шағым түсірді
14 қаңтар күні он шақты белсенді Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментіне өздерін қудалауды тоқтатуды сұрап шағым түсірді. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Хатты департаментке белсенді Нұржан Мұхаммедов пен Марат Қасымбек әкелді. Белсенділер шағымда «әр адам өз ой-пікірін еш кедергісіз еркін айтуға», «митингіге қатысуға құқылы» екенін жазған.
Хатта «полиция қызметкерлерімен бірге азаматтық киім киген белгісіз біреулер психикалық және күш қолдану арқылы қысым көрсететіні» де айтылған. Белсенділер «қысым тек қана өздеріне емес, туыстарына да жасалып жатқанына наразы».
ҰҚК Шымкент қалалық департаменті хатты қабылдап алды.
Белсенді Нұржан Мұхаммедов қысым жасайтындар арасында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері де барын айтады.
«Басқасын айтпағанда ауламда тұрған көлігімнің әйнегін шағып, дөңгелегін тесіп, жүргізуші орындығына иттің басын тастап кетті (Оқиға былтыр 19 қарашада болған — ред.). Көліктің есігіне «мал» деп балағат сөз жазған. Бұл – белсенділігім үшін жасалған қорқытып, үркіту. Полицейлер оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғағанымен іс әлі ашылмады» дейді ол.
Белсенді Марат Қасымбек Шымкентте Қытайдың 55 жобасына қарсы акцияларда, «саяси тұрқындарға», оның ішінде Мұхтар Жәкішевке («Сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін ысырап қылды және пара алды» деген айыппен 14 жылға сотталған «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы) бостандық талап еткен наразылық шараларында «полиция заңсыз ұстап, бөлімшеге алып барды» деп санайды.
Бұдан бұрын шымкенттік белсенділер бірнеше рет Қазақстандағы Қытайдың 55 жобасына қарсы наразылық акциясына шыққан, Қазақстан билігінен саяси тұтқындарды босатуды талап етіп шара ұйымдастырған. Кейбірі сол үшін 3 тәуліктен 15 тәулікке дейін қамалып шыққан, енді бірі айыппұл төлеген. Істі болған белсенділер «заңсыз сотталдық» деп есептейді.
19 желтоқсанда Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты Нұржан Мұхаммедовті «билік өкілін қорлады» деп айыптап, оған қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеген. Оған дейін белсенді наразылық шараларына қатысқаны үшін бірнеше рет қамалып шыққан.