Атырау әкімі отставкаға кетті
Қысқа сілтеме алу
Әлимұхаммед Құттымұратұлы Атырау қаласы әкімі болып 2018 жылдың 28 маусымында тағайындалған болатын
НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар – Sputnik. Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Атырау әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«14 қаңтар күні қалалық әкімдіктің мәжіліс залында өткен жиында Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы әріпестеріне ризашылығын білдіріп, өз еркімен қызметінен кететінін мәлімдеді», — делінген хабарламада.
Құттымұратұлы өзіне қолдау көрсеткен атыраулықтарға алғысын айтты.
«Біз қызметімізде әрқашан халықтың мүддесі мен ел және аймақ басшылығының нұсқауын басшылыққа алдық. Мен қаламызды үнемі уайымдаймын және оның өркендегенін қалаймын. Ал сіздердің табыстарыңыз бен жетістіктеріңізге шын жүректен қуанамын!», — деп жазды ол фейсбуктегі парақшасында.
Құттымұратұлының отставкаға кетуіне байланысты Атырау қаласы әкімінің уақытша міндетін орынбасары Ринат Жанғылышов атқарады.
Әлимұхаммед Құттымұратұлы Атырау қаласының әкімі болып 2018 жылдың 28 маусымында тағайындалған болатын.
sputniknews.kz