Киев соты босқын мәртебесін сұраған Жанар Ахметтің апелляциялық шағымын қарай бастады
14 қаңтарда Киев соты «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязовтің жақтасы, қазақстандық блогер Жанар Ахметтің (Жанна Бота) апелляциялық шағымын қарай бастады. Бұған дейін Украинаның көші-қон қызметі блогер мен оның кәмелетке толмаған ұлына босқын мәртебесін беруден бас тартқан.
Украинаның сот органдарының хабарлауынша, Алтыншы апелляциялық әкімшілік сотта өтетін отырыс сейсенбі, 14 қаңтарда Нұр-Сұлтан уақытымен күндізгі сағат 14:20 (Киев уақыты бойынша 10:20-да) басталуы тиіс. Сот алдында Жанар Ахмет Facebook-тағы парақшасында тікелей эфирге шығып, өзін сотқа қолдап келген адамдардың көбін айтып, алғыс айтты.
Бұған дейін Италия парламентінің бір топ депутаты Украина президенті Владимир Зеленскийге Жанар Ахметтің ісіне байланысты үндеу жолдап, Украина оны Қазақстанға қайтармайтын шығар деп үміт білдірген.
Ахметованың адвокаты Владислав Грищенко 13 қаңтарда Киевте өткен баспасөз мәслихаты кезінде қазіргі кезде Украинаның бас прокуратурасы Ахметке байланысты «тексеру жұмыстарын» жүргізіп жатқанын айтты.
«Жанар Ахметті саяси себеппен қудалап жатқаны дәлелденген және сот шешімінде де жазылған…Егер [көші-қон қызметінің] сот шешімі өзгеріссіз қалса, онда бас прокуратура оны Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарады, қарсы шағым түсіреміз және сот органдарымызда пікірлерімізді қорғаймыз» деді Грищенко дүйсенбі күні.
Адвокаттың айтуынша, 1957 жылы қабылданған Еуропа конвенциясына сәйкес, саяси себеппен қудаланған босқын мәртебесін сұрағандарды еліне қайтаруға болмайды. Бұл конвенцияны Украина да қабылдаған.
Алматыда тұрған және пробациялық бақылауда болған Жанна Ахмет 2017 жылы наурызда Украинаға кетіп қалып, сол елден саяси баспана сұраған. Ол Қазақстаннан «саяси себеппен қуғынға ұшырағандықтан» қашып кеткенін айтқан еді. Украинада жүріп ол әлеуметтік желілерде Қазақстан билігі туралы сыни жазбалар жариялаған.
Жанар Ахметті экстрадициялау мәселесін Украина 2017 жылы қазан айында қарай бастаған. Ол кезде Қазақстан Ахметті «қылмыс жасады» деп айыптап, халықаралық іздеу жариялаған. Бұдан кейін ол Киевте ұсталып, қамауға алынды. Қараша айында Украинаның жоғарғы радасының депутаты Светлана Залещук кепілдігімен бостандыққа шықты. Содан бері Ахмет Украинада босқын мәртебесін алуға күш салып келеді.
Қазақстаннан кеткенге дейін ол шартты түрде сотталып, пробациялық бақылауда болған. 2009 жылы Қазақстанда ол «Алаяқтық» бабы бойынша айыпталған. Ахмет бұл істі өзінің белсенділігімен байланыстырады.
Осыған дейін Украинада бір топ құқық қорғаушы Ахметті қолдап мәлімдеме жариялаған. Олар Ахметтің Қазақстанда саяси себеппен қуғындалып жатқанын, оны еліне қайтарған жағдайда азапталуы мүмкін екенін, әділетсіз сотталуы мүмкін екенін айтқан.
Бұған дейін Алматыда да бір топ белсенді Жанар Ахметті қолдау акциясын өткізіп, Украина билігін оны Қазақстанға экстрадициямаламауға шақырған. Бұл акцияға қатысқан кемінде төрт адам ізінше әкімшілік жазаға тартылды.
«Мені Қазақстанға тапсырса, түрмеге қамайтынын анық білем. 2009 жылдан бері түрме жазасын өтемеді деп емес, (биліктің көзқарасы бойынша) «экстремизммен айналысты» деп айыптайды» деді Жанар Ахмет Азаттықтың Украин қызметіне.
Жанар Ахметті «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы жетекшілерінің бірі және «16/12» арнасының бас редакторы деп айтады. Қазақстан соты 2018 жылы наурызда қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған «Қазақстанның ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салғалы бері ондаған адам ҚДТ-ға қатысы бар деген күдікке ілінген, кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылған. Әблязов ҚДТ-ны «экстремистік» деп таныған сот шешімімен келіспейді және оның «саяси астары бар» деп санайды.
Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.