Әбдірахымов: Шымкенттен кеткенде жылайтын боласыздар — новости Казахстана
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қаладағы арбатта орнатылған 12 періште композициясы туралы айтып, оның не үшін керектігін түсіндіріп берді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қалада жаяу жүргіншілерге арнап ашылатын Арбаттың ең әдемі тұсы осы композициялар болмақ.
«12 періште- 12 айды білдіреді. Біз Арбаттың жобасын жасап жатқанда келушілерді онда тартып тұратын бір дүние болса деп ойладық. Сондықтан періштелерді жасаттық.
Құдай қаласа 1 желтоқсанда біз оны ашамыз. Барлығыңызды сонда шақырамын. Көріп таңғалатын боласыздар», — дейді ол.
БАҚ өкілдері қала басшысынан Шымкенттің қашан адам кетуге қимайтын қала болатынын сұрады.
«Тіпті осы жылы-ақ қаладан кетерде жылайтын боласыздар», — деп жауап берді Әбдірахымов.
Сондай-ақ әкім Шымкентте қалыптасқан дәстүрлер туралы сөз қозғады.
«Екі жыл бұрын мен мұнда бір дәстүр орнаттым. Осыған дейін әрбір әкім Наурыз мерекесінде Қошқар-атаға барып үлкен қой сойғызып, Алладан қаламызды өрт пен қауіп-қатерден сақтауын сұрайтын. Сол сияқты мен де Құдайдан ертеңгі ауа райы жақсы болса екен деп тілеп отырмын», — деп сөзін қорытты әкім.