Халел Досмұхамедов: өмірбаяны, шығу тегі, білімі, еңбектері, саяси қызметі
Ғұлама ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы, педагог, дәрігер, профессор Халел Досмұхамедұлы туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
Тектінің тұяғы
Халел Досмұхамедұлы 1883 жылы 24 сәуірде бұрынғы Орал облысы, Гурьев уезі, Тайсойған болысының (қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданы) №4 ауылында дүниеге келген.
Халелдің бесінші атасы — Алдар Ерназарұлы əділдікпен аты шыққан би болыпты. Одан кейінгі Байнақ та, Машақ та төңірегіне тіреу, жарлыға сүйеу болған деседі. Олардан Дəулетүмбет, Ізмағанбет пен Досмұхамедтер тарайды. Досмұхамед 1850 жылы туған. Отыз үш жасында зайыбы Əйкен дүниеге ұл əкеліп, есімін «Халел» деп қойған. Ол он балалы отағасының жетінші болып көрген қызығы еді.
Кішкентайынан ауыл молдасынан сауат ашқаннан кейін ағасы Дəулетмұхамед Машақұлы Халелді жергілікті орыс-қазақ мектебіне оқуға береді. 11 жасында Халел Орал (Теке) қаласындағы əскери училищенің дайындық курсына қабылданып, оны 1902 жылы үздік бітіріп шығады. Ал 1903 жылы өнер-білімге құмар жас жігіт Санкт-Петербургтегі императорлық әскери-медициналық академияға латын тілінен қосымша емтихан тапсырып түседі.
«Ұятсыздықпен қанап отыр…»
Халел Досмұхамедұлы әскери-медициналық академияда оқығанда 1905–1907 жылдардағы төңкерісті өз көзімен көрді. Бұқара халықтың ашу-ызасы, қанды қақтығыстар жəне жеңілістің ащы сабақтары болашақ қайраткердің рухани дүниетанымын қалыптастырды. Бұған Халелдің ОГПУ тергеушісіне өз қолымен жазып берген мəлімдемесі дəлел.
«Мен Петербургке бірінші орыс революциясының қарсаңында келдім. Бұл кезде демократиялық күштер, оның ішінде студенттер кауымы да жиі-жиі наразылық білдіріп жататын. Қым-қиғаш студенттік өмірге араласумен қатар саяси білімімді жетілдіруге кірістім. Əр түрлі саяси партиялардың бағдарламаларымен таныстым… Мені жəне басқа қазақ студенттерін ешбір саяси партияның бағдарламалары қанағаттандырмады», — деп жазды Халел Досмұхамедұлы.
Оның сөзіне қарағанда, сол кезде социал-демократтар тек қана жұмысшылар туралы айтса, социалист-революционерлер шаруалар жөнінде сөйлеп жатады. Кадеттер орыс халқының ұлылығы жөнінде сайрап, басқа халықтар туралы жұмған ауыздарын ашпады. Ал оңшылдар болса орыс емес халықтарды жамандап, оларды қудалаумен болатын.
«Сол кезде жолдастарыммен бірге бір митингіге кездейсоқ тап болғанымызда, сонда сөйлеген Милюковтың (кадеттердің жетекшісі) айтқан сөздерін осы күнге дейін ұмытқан жоқпын. Ол «патша үкіметі орыс емес халықтарды аса дөрекілікпен жəне ұятсыздықпен қанап отыр» деп еді…», — дейді Халел Досмұхамедұлы.
Сандар сөйлейді
- 1905 жылы Теке қаласында бес облыстан жиналған қазақтың зиялы азаматтары Ресей кадет партиясының үлгісімен саяси ұйым құруға əрекеттенеді. Олардың арасында студент Халел де болды;
- 1909 жылы академияны үздік дəрежелі дəрігер атағымен, Алтын медальмен бітіріп, офицер ретінде əскери міндетін өтеуге жіберіледі. Алдымен Пермь губерниясына қарасты Чердынь уезіндегі Морчань бөлімшесінде жəне бөлімшенің қабылдау бөлімінде екі бірдей жұмысты атқарады;
- 1910 жылы Халел Досмұхамедұлы Түркістанға оралып, дəрігер болып жұмыс істейді. Одан кейін Оралға ауысып, Орал казак-орыстарын емдейтін Ілбішін, Калмыков қамалдарындағы ауруханада кіші дəрігер, кейін аға дəрігер болып қызмет етеді;
- 1913 жылы əскери борышын өтеуден босатылып, Орал облысы Темір уезіне бөлімшелік дəрігер болып орналасады;
- 1912-1915 жылдары оба індетіне қарсы күрес ісіне де қатысты. Сол үшін императорлық қола медальмен марапатталған;
- Ақпан төңкерісінен кейін Халел Досмұхамедұлы туған халқының болашағы үшін саяси күреске араласады. Ол дəрігерлік қызметін тастап, біржола Алаш қозғалысының белсенді көсемдерінің бірі болады;
- 1916 жылы 48 тараудан тұратын «Қырғыз халқының жеріндегі оба ауруымен қалай күресуге болады» ғылыми еңбегі жарық көрді. Бұл кітап өз кезеңінде оба індетіне қарсы күрестің əдіс-тəсілдерін түгел қамтыған еңбек болды;
- 1917 жылдың сəуір айында Орал облысының қазақ съезінде Жанша Досмұхамедовпен бірге «Орал облысының далалық бөлігін басқарудың уақытша ережелері» атты заң жобасын ұсынады. Оған делегаттар бір ауыздан дауыс береді;
- 1917 жылы Халел Досмұхамедұлы мамыр айында өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысады;
- 1917 жылы Досмұхамедұлы шілдеде өткен жалпы қазақ съезінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылады. Ал желтоқсанда өткен жалпықазақтық съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне Орал облысы атынан сайланады;
- 1918 жылғы наурыз айында Жанша Досмұхамедовпен бірге Кеңес үкіметінің басшысы В.И.Ленин жəне И.В.Сталинмен кезігіп, келіссөз жүргізіп, олардың алдына біршама талаптар қойып, біраз ақшалай жəрдем алуға қол жеткізеді;
- 1918 жылдың мамыр айында Жаһанша екеуі Оралда съез ашып, онда «Ойыл уалаятының уақытша үкіметін» жариялайды. Əскер жасақтайды. Кіші əскери мамандықтарын даярлайтын оқу орнын ұйымдастырады;
- 1918 жылы қыркүйек айында Уфа қаласында өткен Алаш басшыларының жиналысында «Ойыл уалаяты» ресми түрде мойындалады. Оған «Алаш Орданың Батыс бөлімшесі» деген ат беріледі;
- 1920 жылы Кеңес үкіметінің қаулысымен Алашорда мүшелеріне кешірім жасалды. Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі ресми таратылғаннан кейін оның белсенді басшылары халықтан алыстатыла бастайды;
- 1920 жылдан бастап Ташкентте жүргенде Халел Досмұхамедұлы Қазақстан мен Орта Азияда денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастырды. Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариаты алқасының мүшесі жəне емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі болды;
- 1922–1925 жылдары мəдениетті көркейту мақсатында құрылған «Талап» қауымының басқармасына төрағалық етті;
- 1924 жылы Халел Досмұхамедұлы Түркістан Халық ағарту комиссариаты атынан Орынборда өткен қазақ білімпаздарының, Мəскеуде өткен Бүкілресейлік денсаулық сақтау қызметкерлерінің съездеріне қатысты;
- 1926 жылы Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетін (бұрынғы ҚазПИ) құру жөніндегі комиссияның төрағасы болды. Халел Досмұхамедұлы Қазақ мемлекеттік университетін ұйымдастыру жөніндегі комиссияның төрағалығын да атқарды.
Ташкенттегі табыстар
Халел Досмұхамедұлы жауапты қызметтерді атқара жүріп, отандық ғылымның дамуына мол үлес қосты. 1922–1928 жылдары негізгі еңбектері жарық көрді. Олар: «Табиғаттану», «Жануарлар», «Оқушылардың саулығын сақтау», «Адамның тəн тірлігі», «Жануарлар: сүйектілер туралы» және тағы басқа еңбектер. Ю.Вагнердің «Дене бітімі мен оның жұмысы туралы əңгімелері», «Өсімдіктердің жаратылысы мен тіршілігі туралы əңгімелерін» қазақ тіліне аударды.
«Қазақ» газетіндегі «Жұқпалы аурулар» атты мақаласында «Сынықтан басқаның бəрі жұғады» дейтін қазақ мəтелін эпиграфқа алып, əр түрлі жұқпалы ауруларға анықтама береді. Олардың шығу тегін, таралуын, пайда болу себептерін айта келе, ел ішінде көп тарағандарына назар аударады. Бұрын қалай емделгені, қайсысы пайдалы, қайсысы зиянды екені жайында түбегейлі жазады.
Тағы оқыңыз: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті
Халел Досмұхамедұлы — қазақтан шыққан алғашқы түркітанушы. Ол 1923 жылы «Шолпан» журналының 7-санында «Диуани лұғат ат-түрік» атты мақала жариялады. Осы мақаласы арқылы қазақ қоғамын алғаш рет ұлы сөздікпен таныстырып, Махмұд Қашқаридің тарихтағы орнын белгілеп берді. Ол халық ауыз əдебиетін жинастырып, баспа бетіне шығарды. «Алаш не сөз», «Кенесарының соңғы күндері», «Қазақ əдебиетінің тарихы» ғылыми еңбектерін, «Мұрат ақын сөзі», «Исатай–Махамбет» пен «Аламан» жинақтарын шығарды.
Мәселен, қазақ халық əдебиеті, шілдехана, бесік жырларының тəрбиелік мəніне тоқтала келіп, қазақ баласының шыр етіп жерге түскеннен бастап кəмелетке толғанға дейінгі тыныс-тіршілігі əн-жырдың құшағында өтетіні жайында жазған.
«Əдетте оның ең бірінші еститін үні — анасы айтқан бесік жырының əуені. Балалар ойындарының басым көпшілігінің үстінде түрлі тақпақтар қоса айтылса, ал бозбалалық шақтағы өмірі ғашықтық жырларға толы. Қазақ баласын тəрбиелеуде дыбыстық ырғақтардың басты орынға шығуына, сірə, халық əдебиеті мен халық əндерінің кең таралып, дамуы жəне қазақтардың өмірдің кез келген жағдайында өлең шығарып, əн айтуы бір себеп болса керек», — деп жазды Халел Досмұхамедұлы.
Ғалымның тіл мəселесі жөнінде айтқан пікірлері де дәл айтылған. «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген еңбегінде тіл, сөйлеу — адам психологиясының басты белгілерінің бірі екендігін айтады.
«Бөтенше жақсы сөйлеймін деп мақтану керек емес, ойлаңқырау керек. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең — бұл сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең — бұл күйініш», — деп атап көрсетті Халел Досмұхамедұлы.
13 ұрпақ ата жолын жалғады
1937–1939 жылдары Сталиндік жендеттердің қанды шеңгеліне ілінгендердің ішінде Халел Досмұхамедұлы да болды. 1930 жылы Алашорда құрамына кіргені үшін саяси айып тағылып, жұмысынан босатылды.
1932 жылы 20 сəуірде Халел Досмұхамедұлы ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына бес жылға жер аударылды. Онда жүріп Денсаулық сақтау жəне гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары, Оңтүстік-Шығыс теміржол-санитарлық бөлімшесінің дəрігер-эпидемиологы болып қызмет істеді.
Воронежде Халелмен бірге Əбдіхамит пен Жақып Ақбайұлдары, Əшім Омарұлы, Жанша Досмұхамедұлы, Сейдəзім Қадырбайұлы, Кəрім Тоқтабайұлы, Мұхаметжан Тынышпайұлы, Жұмақан Күдеріұлы, Мұхтар Мурзиндер жəне басқа бір топ қазақ зиялылары болды. Оларға 1935 жылы мерзімді уақыты біткен соң елге оралуына рұқсат берілді.
Тағы оқыңыз: Міржақып Дулатұлы жайлы қызықты деректер
Халел Досмұхамедұлы осы қалада жұмысын жалғастыра береді. 1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, Мəскеуге, кейін Алматыға жіберіледі. Соңынан іздеп келген жұбайы Сағираға кездесуге рұқсат берілмеді.
1939 жылы 24 сəуірде Халел Досмұхамедұлы əскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. Алайда кассациялық шағым бергендіктен ісі қайта қаралады. Содан көп ұзамай 1939 жылдың 19 тамызында өкпе ауруынан Алматы абақтысының ауруханасында қайтыс болады.
1958 жылы қайтыс болғаннан кейін ақталды.
Халел Досмұхамедұлынан Рабиға, Әділхан, Сәуле, Қарашаш, Төле деген бес ұл-қыз тарайды. Олардың барлығы да жоғары білім алып, елге елеулі еңбек сіңірген. Бір қызығы, әулеттен 13 ұрпақ ата жолын жалғап, дәрігер мамандығын иеленіпті.
sputniknews.kz