Назарбаевтың қасындағы Ленин. Қарағандыдағы көше атауын ауыстыру мәселесі
Орталық Қазақстандағы өндірістік қала Қарағандыда Ленин атындағы көшенің атын ауыстырмақшы. Көрші орналасқан басқаларының аты ауысқанымен, Ленин атындағы көше атауын өзгертуге талпыныс бірнеше рет сәтсіз аяқталған. Көше маңындағы жаңа атқа ие болған даңғылдың бірі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталады.
Қарағандының орталығындағы екі жақ бетінде әдемі ғимараттар орналасқан кең көше ондаған жыл бойы Владимир Лениннің атымен аталып келеді. 1930 жылдардың соңында ірі көмір бассейнінің орнына өндірістік қала салына бастаған кезде бұл көшеге совет көсемінің есімі берілген.
1940 жылдардың екінші жартысында Ленин көшесінің бойындағы тұрғын үйлерді Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Карлагқа (СССР ішкі істер бойынша ұлттық комиссариатының ГУЛАГ жүйесіне кірген лагерьлердің бірі) құлдыққа түскен жапон әскери тұтқындары салған.
Қарағандылық қоғам өкілдері көше атауын өзгертіп, оған қала мен оның тарихына қатысы бар басқа тұлғаның атын беруді бірнеше рет ұсынғанымен Ленин көшесінің атауы әлі өзгерген жоқ. Қазір қалада бұл мәселені талқылау қайта жанданып, қаңтардың 13-і күні кешке қоғамдық тыңдау өтеді деп жоспарланған. Бұл тақырыптағы қоғамдық талқылау оңайға түспейтін сияқты, өйткені көше атауын өзгерту туралы бұрыннан келе жатқан тартыс әлі де бар.
2014 жылы қарағандылық коммунистер сол кездегі көше атауын ауыстыру туралы бастамаға қарсы шығып, Ленин атауы өзгеріссіз қалды. Коммунистік идеологияны жақтаушылардың ой-пікірі әлі күнге өзгерген жоқ.
— Әрине, біз қарсымыз. Бұл тарих қой, — дейді билікке жақын Қазақстан коммунистік халық партиясы Қарағанды облыстық комитетінің бірінші хатшысы Александр Зевахин.
Көше атауын өзгертуді қолдайтындар Ленин атауын «ескінің сарқыншағы» санайды.
— Қазір Қазақстан – мүлде басқа мемлекет, өз тарихы бар ұлт, идеологиясы да бөлек. Сондықтан Ленин көшесінің атауын өзгертуді дұрыс көремін. Бұрын билік бәріне жақсы боп көрінгісі келгеннен көше атауы өзгеріссіз қалды. Ал қазір қоғамдық пікір айтушылардың қатары жаңарып, халық ояна бастады. Мәскеуде 1991 жылы бір жылда 600 көшенің атауын өзгертті. Ешкім қарсылық білдірмеді. Бұл тақырыпта қоғамдық тыңдау да өткен жоқ, — дейді Қарағандыда 55 жылдан бері тұрып келе жатқан азаматтық белсенді Айтқожа Фазылов.
Қазақстандағы декоммунизация (Балтық елдері, Грузия мен Украина сияқты кейбір постсоветтік елдермен салыстырғанда) жартылай және ресми сипатта жүргізілді. Өйткені елді әлі де совет жүйесінің шекпенінен шыққан азаматтар басқарады. Ешкім совет жүйесін сынап, советтік символдарға тыйым салған жоқ. Уақыт өте келе көше, елдімекен мен кәсіпорын атауынан бұрынғы дәуірді еске салатын адамдардың тегін алып тастады. Совет көшбасшыларына қойылған ескерткіштер қала шетіне қарай көшірілді.
Бұл үрдістен Қарағанды да шет қалған жоқ. Қала орталығында тұрған Лениннің үлкен ескерткішін кейінірек «әлемдік пролетариат көсемінің» 90 жылдығына орай Лениннің аты берілген кинотеатрдың артына апарып қойды. Ескерткіштің бұрынғы орнына жергілікті билік Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ескерткіш орнатты. 1960 жылдары салынған Ленин атындағы кинотеатр қазір жұмыс істемейді. Бірақ жөндеу жұмыстарын қажет ететін ғимараттың маңдайшасындағы жазу әлі күнге сақталған.
— Бұл – советтік дәуірдің сарқыншағы. Қазіргі тарихта бір нәрсе өзгерту керек деп есептеймін. Мұның тарих екенін түсінемін, бірақ бұл жағдайда… — дейді Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы экскурсиялық-бұқаралық бөлімінің жетекшісі Зәуреш Тебаева.
Ол Қарағандыға шетелден келген кей қонақтар совет дәуірінен сақталып қалған Ленин атындағы көше мен ескерткішті көріп таңғалатынын айтады.
— Балтық елдері, Украина мен Ресейден келген шетелдік делегацияларға жиі экскурсия өткіземін. Экскурсия кезінде олар бізде әлі күнге дейін Ленин атындағы көше барына таңғалып жатады. Ал Лениннің құрметіне қойылған ескерткішті көргенде, мұны жиі кездесетін құбылыс деп атап, оның жанында суретке түсіп жатады, — дейді Тебаева.
Шетелдіктерді Ленин көшесіне көрші жатқан басқа даңғылдың аты да таңғалдырса керек. Қарағанды орталығындағы кең гүлзарға өткен жылы тірі тұлға — 79 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілген. Орталық көшелерге елді 30 жылға жуық үздіксіз басқарған бұрынғы президенттің есімін беруді қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған. Ол билікке өткен жылы наурыз айында СССР тарағанға дейін республика басшысы болып үлгерген және Қарағанды металлургия комбинатыы жұмысшысынан Қазақ ССР коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысына дейін өскен Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткен соң (президенттік өкілетінен бас тартқанына қарамастан, биліктің біраз бөлігі әлі күнге дейін оның қолында) келген.
Тоқаевтың президент қызметіне тағайындалғаннан кейінгі бірінші жарлығы – Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту болды. Бұл шешім халық наразылығын туғызды. Соған қарамастан, Қазақстан астанасы картада бұрынғы президенттің атымен қалды. Мемлекет астанасына әуе рейстерімен ұшып келген қонақтар Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайға қонып, қалада Назарбаев Университетін, бұрынғы президентке қойылған ескерткіш пен бірінші президент музейін көре алады.
Қарағандыда қала орталығындағы гүлзар мен Төлепов көшесінің орнында Назарбаев даңғылы пайда болды. Жергілікті мәслихат депутаттарының бірауыздан қабылдаған шешіміне сәйкес, біріктірілген екі көше бұрынғы президенттің атымен аталды. Даңғыл бойында білім беру мекемелері, облыстық клиникалық аурухана, драма театры, қала әкімдігі орналасқан.
81 жастағы журналист және Карлаг пен ондағы тұтқындар туралы бірнеше кітаптың авторы Екатерина Кузнецова ондаған жыл бойы Қарағандыда, бұрын Бейбітшілік гүлзары аталып, Ленин көшесінің жанында орналасқан, қазір Назарбаевтың аты берілген даңғыл бойында тұрып жатыр. Кузнецова жергілікті тұрғындар биліктің көше атауын халықтың пікірін ескермей өзгерткеніне әлі де наразы екенін айтады.
— Президент өкілетінен бас тартқан кезде жергілікті биліктің гүлзар атауын қандай жылдамдықпен ауыстырғанына таңғалдым. Олар бастарын бірден иді. Халықтың пікірін сұраған жоқ. Біз бәрібір көшемізді бұрынғыша атаймыз, кейбір анықтамалар мекенжайдың бұрынғы атауымен келеді, — дейді Екатерина Кузнецова.
Кузнецова көше атауларын өзгертуге түбегейлі қарсылық білдірмейтінін, Ленин көшесін басқаша атайтын уақыт әлдеқашан жеткенін айтады. Кузнецова билікке көшені «Алаш» партиясының көшбасшысы және «Алашорда» Қазақ автономиясы үкіметінің жетекшісі, 1937 совет билігінің бұйрығымен атылған Әлихан Бөкейхановтың немесе қазақ ойшылы әрі ақыны Абайдың атымен атауды сұрап, ұсыныс жасаған. Бірақ оның ұсынысын ешкім ескерген жоқ.
Қазір жергілікті билік көше атауын өзгертуге байланысты қоғам пікірін тыңдап көруге ниет білдіріп отыр. Қаңтардың 13-іне жоспарланған қоғамдық тыңдауда Лениннің ғана емес, Қарағандыдағы Аманжолов, Волочаевский, Защитный, Зональный, Кривогуз, Кувская, Нұржанов, Олимпийский, Приканальный, Черкасский көшелерінің де атауын өзгерту туралы ұсыныс талқыланбақ. Биліктің айтуынша, талқылауға кез келген тұрғын қатыса алады, тек қоғамдық тыңдау басталарға бір сағат қалғанға дейін тіркеліп үлгеруі керек.