Тоқаевтың кеңесшісі желідегі жазбасынан кейін не болғанын айтты

0

Олжас Құдайбергенов зейнетақы жинағын баспана алуға жұмсау мәселесі бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрімен екі рет кездескен

НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. Президенттің штаттан тыс кеңесшісі, экономист Олжас Құдайбергенов еңбек министрлігімен зейнетақы жинағын пайдалануға беру бойынша ортақ мәмілеге келгенін айтты.

Құдайбергенов бұған дейін мемлекет басшысының зейнетақы жинағын пайдалануға беруге қатысты тапсырмасы орындалған жоқ деп мәлімдеген еді.

«Кеше еңбек министрімен екі рет кездестім. Бүгін зейнетақы жинағын баспана сатып алуға жұмсау мәселесі бойынша президент әкімшілігінде кездесу болды. Әйтеуір, ортақ мәмілеге келдік: қазір 102 мың азаматқа баспана алуға зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігін беруге келісуге болады. Олардың саны әлі де өсуі мүмкін», — деген ол бұл жайлы кейінірек хабарлайтынын жазды.

Айтуынша, зейнетақы жүйесін реформалау бойынша жұмыс одан әрі жалғасады. Ол еңбек министрінің де Сингапур моделін құптайтынын жеткізді.

«Екеуміз де оны бізге бейімдеу керек деп санаймыз. Менің ойымша, мұндай контексте президентің тапсырмасы орындалды деп санауға болады. Әрине, орындалып-орындалмағанына президенттің өзі баға береді. Ымыраға келдік, одан әрі жұмыс істейміз!», — деді Құдайбергенов.

Үкімет жуырда президент әкімшілігіне екі ұсыныс енгізді.

Тағы оқыңыз: Тоқаевтың тапсырмасы орындалған жоқ – президенттің кеңесшісі

Бірінші ұсыныс – зейнетақы жинағын баспана алу үшін пайдалануға арналса, екіншісі – салымның белгілі бір бөлігін ем-домға жұмсау. Оған тегін медициналық қызмет пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға кірмейтін емдеу шаралары жатады.

Үкіметтің ұсынысы бойынша зейнетақы жинағын алу үшін қазақстандықтың есепшотында шамамен 10-12 миллион теңге болуы тиіс. Ал ондай азаматтардың саны небәрі 102 мың ғана.



sputniknews.kz