Санаулы тәуелсіз басылымдардың бірі «Жас Алаштың» бейсенбілік саны шықпай қалды
Қазақстандағы санаулы тәуелсіз басылымдардың бірі шамамен 18 мыңдық тиражы бар «Жас Алаш» газетінің бейсенбілік саны шықпай қалды. Басылым тілшілерінің айтуынша, «8 қаңтарда күтпеген жерден газеттің бас редакторы ауысып, құрылтайшылардың әрекетіне» қарсылық ретінде газет ұжымы осындай ортақ шешім қабылдаған.
8 қаңтарда кешке газеттің бас редакторы Руслан Ербота Facebook-тағы парақшасында құрылтайшылардың шешімімен қызметінен кетіп жатқанын, өзінің орнына Инга Иманбай тағайындалғанын хабарлаған.
Газеттің экономика бөлімінің жетекшісі Елнұр Бақытқызының айтуынша, құрылтайшылар редакция ұжымына неге мұндай шешім қабылданғанын түсіндірмеген.
— Бұрынғы бас редактор Руслан Ербота газетті өте қиын жағдайда алды. Қаржылық жағдай өте тұрақсыз болды. Сайты мүлде жұмыс істемейтін. Ал қазір сайтқа күніне 10 мың оқырман кіріп шығады. Әлеуметтік желілерде жұмыс істей бастадық. Youtube арнамыз бар. Газеттің дизайны қатты өзгерді. Көптеген авторларды тартты. Олардың арасында Мұхтар Мағауин, Тұрсынжан Шапай, Тұрсын Жұртбай, Мәмбет Қойгелді бар. Мұндай еңбекті елеп-ескермей, адам сияқты шығарып салмай, алғыс айтпай, түсіндірмей, күтпеген жерден басқа адамды әкеле салып, қоя салу бұл адамгершілікке жатпайды. Бұл ұжымды сыйламау, жүз жылдық тарихы бар газетті сыйламау, — дейді Елнұр Бақытқызы.
Әлеумет бөлімінің жетекшісі Алмас Нүсіп газеттің бейсенбілік санының шықпай қалуын «құрылтайшылардың сондай әрекетіне ұжымның реакциясы» деп атайды. Қазір газеттің сайты да жаңармай тұр.
9 қаңтарда таңертең Инга Иманбай Азаттық тілшісін әзірге түсініктеме беруге дайын еместігін айтты.
— Өзімнің тарабымнан анық ақпарат түстен кейін болады, — деді ол.
«Жас Алаш» газеті қоғамдық, саяси-әлеуметтік мәселерді қозғайтын аптасына екі рет шығатын республикалық басылым.
Газеттің Алматы кеңсесінде он шақты қызметкер жұмыс істейді. Аймақтық тілшілері де бар. Газет 1921 жылдың наурыз айынан шыға бастаған.