Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі белгілі болды

0

Экономика

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Еңбек министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, енді атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын төленеді

НҰР-СҰЛТАН, 8 қаңтар – Sputnik. Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті төлеу тәртібі өзгерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, енді атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын төленеді.

«Біз жаңа жылдан бастап өтініштерді қабылдап жатырмыз. Қаңтар айында адамдар құжаттар мен өтініштерін өткізеді. Ал ақпан айында алады», — деді Нұрымбетов.

Оның сөзіне қарағанда, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі қалды. Оған сәйкес, отбасының әрбір адамға шаққандағы орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 процентінен (21 828 — Sputnik Қазақстан) аспауы тиіс. Ал атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері өзгерді.

«Бұл жерде отбасының жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 процентінен төмен болса, орташа табыс пен өлшемшарттың арасындағы айырмашылық төленеді», — деп атап көрсетті министр.

Бұдан бөлек, отбасыда жұмысқа қабілетті адам болса, оған жұмыс ұсынылады. Одан бас тартса, барлық отбасы мүшелері атаулы әлеуметтік көмектен айырылады.

«Бұл жерде бір маңызды мәселені ескеру керек, кез келген жұмысты ұсынбайды. Бізде жұмыспен қамту туралы заң бойынша тәртіп белгіленген. Ол кісіге лайықты жұмыс ұсынылады. «Лайықты» дегеніміз, оның өз мамандығы және қатынау жағы ескеріледі. Ондай жұмыс болмаса, басқа шаралар ұсынамыз», — дейді Нұрымбетов.

Айта кетейік, биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектен бөлек көпбалалы отбасыларға арналған жаңа жәрдемақы енгізілді. Оның басты ерекшелігі -жәрдемақы табысына қарамастан төленеді. Ол бала санына қарай ай сайын беріледі.

Тағы оқыңыз: Көпбалалы отбасылар жаңа жәрдемақы ала бастады

«Биыл осы жәрдемақыға республикалық бюджеттен 177 миллиард теңге қарастырылған. Қаңтар айында 367 мың көпбалалы жанұяға осы жәрдемақы тағайындалып, қазіргі кезде ол кісілер өздерінің есепшоттарына жәрдемақыны алып жатыр», — деп атап көрсетті министр.

Жаңа жәрдемақыны төлеу тәртібі:

  • 4 балаға — 42 496 теңге;
  • 5 балаға – 53 127 теңге;
  • 6 балаға – 63 757 теңге;
  • 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге.

Тағы оқыңыз: Жүйкесі сыр берген: Көпбалалы аналарға тағы бір шенеунік дөрекілік көрсетті

 



sputniknews.kz