Үкімет отырысында электр энергиясы мен көмір бағасын төмендету жайы қаралды

0

Энергия тарифтері төмендейді

Электр энергиясы мен көмір тариф­терін төмендету бойынша Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты.

Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес электр энергиясына арналған шекті тарифтердің объек­тивті деңгейін белгілеу бойын­ша жұ­мыстарды аяқтап қалғанды­ғын мәлім етті. Өткен аптада атқа­рыл­ған жұмыстың алдын ала нәтиже­лері жұмыс тобының қарауына ұсы­нылды. Оның отырысына Прези­дент Әкімшілігі, Бас прокуратура, мем­ле­кеттік органдар мен Ұлттық кәсіпкер­лер палатасының өкілдері қатысты. Отырыс барысында электр энергия­сына арналған шекті тарифтердің ұсынылған деңгейі талқыланды.

«Екі компоненттің қосындысы бойынша электр энергиясының құнын төмендетудің орташа өлшемді деңгейі шекті тарифтердің қолданыстағы деңгейінен 25 пайыз төмен белгіленді. Энергетика министрлігінің есептеу тәсілі тұжырымдамалық қолдау тапты», деді Қ.Бозымбаев.

Бұдан басқа, жұмыс тобының оты­ры­­сында қуат тарифінің шекті мөл­шерін 1 МВт үшін 700 мың теңгеден 590 мың теңгеге дейін төмендету ұсы­нылды. 

Қ.Бозымбаев екі мәселенің ма­ңыз­дылығын атап өтті: Бұл – электр стансалары үшін «кем дегенде» ағымдағы көмір бағасын сақтау және делдалдық құрылымдарды алып тастап,  көмірді тасымалдау құнын төмендету және 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап энергия беруші және энергиямен жаб­дық­таушы ұйымдарда тарифтер деңгейін төмендету.

Сонымен қатар министрлік тауар­лық газдың да шекті көтерме бағаларын төмендету үшін бұйрық жобасын әзір­леді. Бұл бұйрық 2019 жылғы 1 қаң­тар­дан бастап тауарлық газдың түпкі­лікті бағасын өңірге байланысты газ пай­да­ланатын электр стансалары үшін 12-22%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Инвестициялар және даму министрі Же­ңіс Қасымбек те осы тарапта ат­қа­ры­лып жатқан жұмыс туралы баяндады.

«Әкімдіктердің мәліметтері бойын­ша, биылғы 1 мамыр мен 23 қараша аралығында коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халық үшін көмір қорын жинау жұмыстары жоспарлы тәртіпте орындалуда», деді ол.

Жалпы жоспарға сәйкес, он облыс және Алматы мен Шымкент қала­ларын көмір қорымен қамтамасыз ету көр­сеткіші 85%-дан асады. Жергі­лікті атқарушы органдардың ақпара­ты бойынша, коммуналдық-тұрмыс­тық көмірдің бағасы көмірдің сапасы мен соңғы тұтынушыға дейінгі қа­шықтыққа байланысты орташа есеппен 15 мың теңгені құрайды.

Коммуналдық-тұрмыстық көмір тарифтері мен бағаларын төмендету мақсатында Инвестициялар және даму министрлігі мен Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы жергілікті атқарушы органдар мен қоймалардағы ком­му­нал­дық-тұрмыстық көмір сатушылар арасында меморандум жобасын әзірледі. Жергілікті атқарушы органдар бірқатар өңірлерде орналасқан қойма иелерімен меморандум жасас­ты, басқаларымен қол қою жұмы­сы жүргізілуде. Министрліктің ақпа­раты бо­йынша бұл іс екі күннің ішін­де аяқ­талмақ. Осы жұмыстың нәти­жесінде көмірдің бағасы орташа есеп­пен 15-20%-ға немесе 2500-3000 теңге­ге төмендейді.

Ж.Қасымбек Астана мысалында темір жол тұйықтарында көмір бағасының төмендеуі қалай қолға алынатынын айтты. Көмір разрезіндегі баға өзгермейді. Мәселен, ол Шұбаркөлде – 5000 теңге. Есесіне трейдер компания бағаны 60-70%-ға төмендетеді, сөйтіп үстеме 2 985 теңгеден 885 теңгеге дейін төмендейді. Шұбаркөл разрезінен Астанаға дейін темір жолмен тасымалдау шығыны 1 715 теңгені құрайды. Темір жол көлік шығындары стансадан эстакадаға дейін 1 242 теңгені құрайды.

«Көмір тұйықтарындағы дел­дал­дардың үстемесі – 2000 теңге.  Олар 25-30%-ға, яғни, 1500-1700 теңгеге дейін төмендете алады. Қабылданған шара­лардан кейін Астанада көмір баға­сы екі аптада 18%-ға, яғни  13 600-14 500 теңгеден 11 200 теңгеге дейін арзан­дауы тиіс. Айырмашылығы орта есеп­пен 2 400 теңгені құрайды»,  деп түсін­дірді Инвестициялар және даму министрі.

Ж.Қасымбек бағаны төмендету бойынша қабылданған шаралардан ке­йін көтерме және бөлшек саудадағы кө­мір бағасы төмендеуі тиіс екенін мәлім етті.

Бұл жағдай барлық аймақтарға қа­тысты. Мәселен, Ақмола облысында көмір бағасы 16%-ға, Солтүстік Қазақ­стан облысында 17%-ға, ал Шымкент қа­ла­сында 14 700 теңгеден 12 150 тең­геге дейін төмендейді деп жоспарлануда.

Премьер-Министр Б.Сағынтаев Үкі­мет өз тарапынан көмір разрез­дерінде бағаны төмендету бойын­ша барлық жұмысты жүргізіп жат­қа­нын атап өтті, енді негізгі жұмыс әкім­діктердің мойнында. Осыған байланысты өңірлер әкімдеріне көмірді түпкі тұтынушыға дейін жеткізуді бақылау, сондай-ақ көмір бағасының 15-20%-ға төмендеуі аясында темір жол тұйықтарында тасымалдаушылар тарапынан бағаның негізсіз өсірілуіне жол бермеу қажеттігін, бұл мәселені бақылауда ұстауды тапсырды.

Байланыс бағасы да арзандайды

Мұнан кейін байланыс қызметтері бағасының да төмендейтіні мәлім болды. Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглованың айтуынша, ауыл тұрғындарына телефон және интернет тарифтері бойынша (2013 жылдан бастап) өз құнынан төмен бағамен қызмет көрсетіледі.

Телефон байланысының тарифі –  596 теңге (ал өзіндік құны 1125 теңге), ин­тер­нет тарифі – тарифтік жоспарға қарай 982 теңге мен 1964 теңге аралы­ғында (өзіндік құны  2932 теңге).

Ауылдық жерлерде тариф бойынша әмбебап қызмет көрсететін опе­ра­тор­ларға өтемақы бюджет есебінен тө­­ле­неді. Биыл осы қызметтерді суб­си­дия­лауға 8,7 млрд теңге қаржы бөлінген.

«Дүниежүзілік экономикалық фо­румның Жаһандық бәсекелестікке қа­бі­леттілік индексінде байланыс қыз­меттерінің тарифтік қолжетімділігі бойынша Қазақстан жоғары орында тұр. Оның ішінде ұялы байланыс та­рифтері бойынша Қазақстан 140 елдің ішінде 29-орында болса, ал бе­кі­тіл­ген кеңжолақты интернет қызмет­тері бо­йынша 20-орында», деді Д.Щег­лова.

Байланыс қызметтеріне бағаны төмендету бойынша тапсырманы орын­дау мақсатында АКМ барлық ірі бай­ланыс операторларының: «Қазақ­те­леком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, «Қаз­транском» АҚ, «Кселл» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС қатысуымен кеңес өткізді.

«Кеңес қорытындысы бойынша байланыс операторлары қолжетімді «әлеуметтік» тарифтік жоспарларды әзірлеу арқылы байланыс бойынша көрсетілетін қызметтер тарифін төмен­детуді ұсынды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне осы айдың соңына дейін жаңа тарифтік жоспарлардың құрылымы, қызмет көрсету көлемі мен бағалары бо­йынша ұсыныс енгізу тапсырылды. Операторлардан әлеуметтік тарифтік жос­парлар бойынша ақпарат алған соң оларды БАҚ-тарда насихаттау жұмыс­тары жүргізіледі», деп түйіндеді вице-министр.

Монополистер қызметтері тарифіне тосқауыл қойыла ма?

Үкімет отырысында сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық саласындағы монопо­листердің қыз­мет­теріне тарифтерді төмендету бойынша жүргізіліп жат­қан жұмыс туралы Ұлт­тық экономика министрі Тимур Сүлей­менов баяндады.

«Бүгінде жылумен, сумен және электр энергиясымен жабдықтау саласындағы 32 монополист бойынша тарифтерді 20,3 млрд теңгеге, оның ішінде соңғы екі аптада 6 су­бъекті бо­йынша 1,9 млрд теңгеге төмен­дету туралы шешім қабылданды. Монопо­лис­тердің негізсіз кірістерін анықтау және оны тұтынушыға қайтару мақсатында 33 жоспардан тыс тексеру басталды. Енді осындай 24 тексеру қолға алынбақ»,  деді Т. Сүлейменов.

Министрлік сонымен қатар электр энер­гиясына және газға арналған көтер­ме бағаларды төмендету жұмысын жүр­гізуде.

ҰЭМ облыстардың және Астана, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктерімен жылумен сумен жаб­дықтау, электр энергиясын тарату жә­не жабдықтау, қоқысты шығару, пәтер иелерінің кооперативі, лифт қыз­меттеріне, сондай-ақ автобус, троллей­бус және трамвай тасымалдары қызметтеріне бағаларды төмендету бойынша жұмыстар жүргізу қажеттілігі туралы мәселені пысықтау үстінде.

Мемлекет басшысының халықпен кері байланыс ұйымдастыру бойынша тапсырмасын орындау мақсатында тұрғын үй шаруашылығы саласындағы проблемалық мәселелер жөнінде 1312 адам қатысқан 48 қоғамдық қабылдау өткізілді. Т.Сүлейменов өткізіліп жатқан қоғамдық қабылдауларға қатыса алмайтын тұтынушылар үшін «жедел желі» телефондары жұмыс істейтінін хабарлады. Жедел желі телефоны 8-8000-8000-12, Қазақстан бо­йынша қоңырау шалу тегін.

Премьер-Министр аз уақыттың ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Соның нәтижесінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр энергиясының, газ, жы­лу, су және көмірдің, ұялы байланыс пен интернет қызметінің бағасы төмен­дейді. Осыған орай Б.Сағынтаев Мем­лекет басшысының тапсырмалары 1 қаңтардан бастап орындалуы керектігін баса айтты.

Тапсырмаларды жүзеге асыру үшін облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне тұрғындар көмірдің қолайлы бағасын қамтамасыз ету мақсатында өңірлік операторлардың үздіксіз және сапалы жұмысын жолға қою тапсырылды.

Сонымен қатар Премьер-Министр бірқатар өңірде жылдың басынан бері қоқыс шығару тарифтерінің өскеніне тоқталды. Ол Шығыс Қазақстан облысында 30%-ға, Батыс Қазақстан облысында 46%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 50%-ға және Алматы қаласында 40%-ға өскен. Жолаушылар тасымалы бойынша Ақтөбе облысында жолақы бағасы 30%-ға өскен.

Премьер-Министр Б.Сағынтаев өңірлердің әкім­деріне облыстың коммуналдық қыз­меттер тарифтерінің өсуіне жол бермеуді және оларды тө­мен­дету бойынша тиісті жұмыс­тарды тиянақты жүргізуді тапсырды.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»