Помпео «Сүлеймани Иракқа бейбіт келіссөз үшін барды» дегенді жоққа шығарды
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 7 қаңтарда Вашингтонда брифинг өткізіп, Американың әуе шабуылынан қаза болған Иран генералы Касем Сүлейманидің Иракта «дипломатиялық миссиямен жүрді» деген Тегеранның мәлімдемесін жоққа шығарды.
«Джентльмен, дипломат деп жүрген Касем Сүлеймани Бағдатқа бейбіт миссиямен келді дегенді көрсететін қандай да бір белгі бар ма?» деді Помпео журналистер алдында.
Осыған дейін Иран билігі «генерал Сүлейманидің Иракта бейбіт келіссөз жүргізу үшін барды» деген.
«Біз мұның шындыққа жанаспайтынын білеміз» деді Помпео.
Помпео брифинг кезінде АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзін қайталап, «Құдс күштерін» басқарған Сүлейманидің аймақтағы америкалықтарға шабуыл жоспарлағанын айтты.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Тегеран Ауғанстандағы бейбіт көліссөзді бұзу үшін «белсенді түрде жұмыс істеп жатыр» деп мәлімдеп, Иран тәліптермен және басқа да террорлық топтармен байланысы бар деді.
«Иран аймақтағы және халықаралық бейбіт келіссөздерге қосылудан бас тартты. Бұл ел содырлар тобын қолдау арқылы бейбіт келіссөздерді тоқтату үшін жұмыс істеп жатыр» деді Помпео.
Ислам революциясы корпусының «Құдс күштері» арнайы жасағының қолбасшысы Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдаттағы АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде мерт болған. Оны өлтіруге АҚШ президенті Дональд Трамп тікелей бұйрық берген. «Құдс күштері» Иранның сырттағы әскери операцияларына қатысқан.
Оқи отырыңыз: Касем Сүлеймани кім еді?
Тегеран «Сүлейманиді өлтірген АҚШ-тан кек алатынын» мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп та «Тегеран шабуыл жасаса, Иранның 52 орнын бомбалайтынын» айтты.