«Чернобыль» сериалы мен «1917» драмасы «Алтын глобусты» алды
Лос-Анджелесте «Алтын глобус» кино жүлдесін табыстау рәсімі өтті. Биыл 77-рет өткізілген шарада «Үздік фильм» номинациясын Сэм Мендестің Бірінші дүниежүзілік соғыстағы екі британ жауынгері жайлы «1917» әскери-тарихы драмасы жеңіп алды. Мендес ең үздік режиссер сыйлығын да иеленді.
HBO телеарнасының «Чернобыль» сериалы «Алтын глобустың» «Ең үздік мини-сериал немесе телевизиялық фильм» номинациясында жеңді.
«Ең үздік фильм – комедия немесе мюзикл» номинациясын «Однажды… в Голливуде» туындысы жеңіп алды. Оның сценарийін жазған Квентин Тарантино «Үздік сценарий» номинациясында жеңіске жетті. Бұл картинада ойнаған Бред Питт «Алтын глобуста «Екінші пландағы ең үздік актер» деп танылды. Бұл картина барлығы бес категорияда сынға түсті.
Ең үздік шетелдік фильм номинациясында «Паразиттер» фильмі үздік болды. «Джокер» фильмінде басты рөлді сомдаған Хоакин Феникс «Ең үздік драмалық актер» номинациясында жеңіске жетті. Ал «Ең үздік актриса» деп «Джуди» фильмінде ойнаған Рене Зеллвегер танылды.
«Алтын глобус» жүлдесі 1944 жылдан бері жыл сайын 25 номинация бойынша тапсырылып келеді. Жүлдені құрамына Голливудта жұмыс істейтін халықаралық журналистер кіретін Шетел баспасөз ассоциациясы тағайындайды.
«Алтын глобус» жүлдесін ұтып алған картиналар мен актерлер Америка киноакадемиясының наградасы — «Оскар» жүлдесінде фаворит саналады.