Нұр-Сұлтанда белсенділер «Шыңжаңнан қашқан» екі қазаққа қолдау білдірді
6 қаңтар күні нұр-сұлтандық бір топ белсенді Бәйтерек монументі маңына жиналып, «шекараны заңсыз бұзып өтті» деп Зайсан қаласында істі болып жатқан Қытай қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына қолдау білдірді. Олардың қатарында «Тәуелсіз бақылаушылар альянсы» атынан келіп тұрмыз» дегендер де болды.
Жиналғандар Қазақстан билігінен Мұсаханұлы мен Әлімұлын Қытайға қайтармауды талап етті.
— Екеуі жарты жыл бойы қамауда жатыр, оларға саяси баспана емес, азаматтық берілуі тиіс, — деді келгендердің бірі Амангелді Жахин.
Жиналғандар оның сөзін қолдап, «Бостандық! Бостандық!» деп айқайлады.
Нұр-сұлтандық белсенділердің жиынын полиция өкілдері алыстан бақылап, белгісіз адамдар видеоға түсіріп тұрды.
30 жастағы Қастер Мұсаханұлы мен 25 жастағы Мұрагер Әлімұлы Қазақстанға 2019 жылғы қазанда келген еді. Олар Қытайдың Шыңжаң өлкесінен жолға шығып, бірнеше күннен кейін Шығыс Қазақстан облысының Зайсан, Шілікті, Маңырақ ауылдарының тұсынан Қазақстан аумағына өткенін, кейін жолай такси жалдап, 10 қазанда Алматыға жеткенін айтқан болатын. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы «саяси лагерьде қамауда болғанын», Мұрагер Әлімұлы Қытайда «қысым көргенін» айтып, Қазақстанға қашуға мәжбүр болғандарын айтқан. Қазанның ортасында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ол екеуін «шекарадан заңсыз өтті» деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.
6 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында олардың соты басталды. Мұсаханұлы мен Әлімұлына қолдау білдіру үшін сотқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен қалаларынан адамдар көптеп жиналды.
Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінен «қазақ-қытай шекарасын бұзып өтті» деп айыпталған шыңжаңдық екі қазақ Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға қайтармауды, оларды қамаудан тез арада босатып, босқын мәртебесін беруге шақырған.