Иран ядролық келісімнің шарттарын орындаудан бас тартты
Иран билігі ядролық келісімде өзіне алған міндеттемелерді бұдан былай орындамайтынын мәлімдеді. Соған қарамастан Тегеран Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) бірге жұмыс істеуін жалғастырмақ. Бұл туралы Иран мемлекеттік телеарнасындағы ресми мәлімдемеге сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлады.
Тегеран келісімде көрсетілген «уранды байыту жайлы шектеуді» бұдан соң сақтамайтынын, осы саладағы ғылыми зерттеулерге де шектеу болмайтынын ескертті. Ендігі уақытта Иран ядролық саласы өз техникалық қажеттілігіне байланысты дамитынын мәлімдеген.
Иранмен бірге «ядролық келісімге» 2015 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесіне (АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция) қоса Германия да қол қойған.
2018 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның бұл келісімнен шығатынын және Иранға қарсы қосымша санкциялар енгізетінін мәлімдеген. Бұған жауап ретінде Тегеран 2019 жылы келісімде көрсетілген өзіне қатысты бірнеше бапты орындаудан бас тартқан болатын.