Алматыда троллейбус жас жігітті басып кетті: жүргізуші ес-түссіз болған
Қысқа сілтеме алу
Жантүршігерлік жол апаты Алматы қаласында Сәтпаев көшесінің бойында болған екен
НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар – Sputnik. Алматыдағы жол апаты кезінде троллейбус жаяу жүргіншіні басып кетті. Ол көз жұмды, тағы бір адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жол апаты Сәтпаев көшесінің бойында болған. Оқиға орнына жеткен полицейлер троллейбус жүргізушісінің Розыбақиев көшесіне жетпей, денсаулығына байланысты рөлге ие бола алмай қалғанын анықтады. Қоғамдық көлік жолдан шығып кетіп, алдымен екі көлікті, одан кейін жаяу жүргіншіні соққан. Сөйтіп, ағашқа барып тірелген.
«Жаяу жүргінші троллейбус астында қалып қойған. Оны алып шығу үшін құтқарушыларды шақыруға тура келді. Олар қоғамдық көлікті домкратпен көтеріп, ер адамды алып шыққан. Жас жігіт жедел жәрдем жеткенше оқиға орнында көз жұмды», — дейді полицейлер.
Жол апаты кезінде троллейбус жүргізушісі де қатты жарақат алды. Он шұғыл ауруханаға жеткізілді. Полиция бірқатар сараптама тағайындады. Соның нәтижесінде апат себебі анықталады.
«Алматыэлектротранс» компаниясы да түн ортасында болған жол апатының мән-жайын түсіндірді.
Тағы оқыңыз: Автобус жүргізушісі жолақысын алып жатып, троллейбусқа соғылған
«Кеше, 5 қаңтарда, шамамен сағат 23:20-да троллейбус жүргізушісі Сәтпаев көшесімен саябаққа қарай жүріп келе жатқан. Розыбақиев көшесіне жетпей жатып, оның қан қысымы көтерілді. Содан есінен танып қалды. Троллейбус бірден оңға қарай бұрылып, тұрақта тұрған Lexus GS300 пен Honda Accord көліктерін соққан. Одан кейін тротуарға шығып кетіп, жолауышыны басып кеткен», — делінген компанияның әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оқиға орнына полиция, төтенше жағдайлар мен жедел жәрдем қызметкерлері барған. Компания өкілдері де болды. Дәрігерлер жаяу жүргіншіге шұғыл медициналық көмек көрсеткен. Алайда ол алған жарақатынан көз жұмды.
«Қаза болған ер адамның отбасына өтемақы төленеді. Компания атынан оның отбасына және жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз», — дейді компания өкілдері.
Жас жігіт Honda Accord жүргізушісі болған. Ол өз көлігіне бара жатқан. Бірақ, бірнеше метр қалғанда троллейбус қағып кеткен.
sputniknews.kz