Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын-сонар кезектің себебі анықталды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Ішкі істер министрлігі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында қалыптасқан ұзын-сонар кезектің себебін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар – Sputnik. Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында қалыптасқан ұзын-сонар кезектің себебін түсіндірді.

«Биылғы жылдың 5 қаңтарында ішкі істер министрлігі ақпараттық жүйесінің жаңартылуына байланысты «көлік құралын тіркеу» және «жүргізуші куәліктерін беру» қызметтерін көрсету уақыты ұзарды. Бұл «Азаматтарға арналған үкімет» бөлімшелерінде кезек санының артуына себепші болды», — делінген мәліметте.

Осыған байланысты 6 қаңтарда ішкі істер министрлігінің «Ақпараттық-өндірістік орталық» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамымен бірлесіп, туындаған техникалық ақаулықтарды жою бойынша жұмыстар жүргізеді.

Бұдан соң қызмет көрсету қайта жалғасады. Яғни, бүгін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істемейді.

«Халықты құжаттандыру саласындағы өзге мемлекеттік қызметтер (жеке куәліктер, паспорттар беру) халыққа қызмет көрсету орталықтарында штаттық режимде көрсетіледі», — дейді ведомствоның баспасөз қызметі.

Ішкі істер министрлігінің ақпараттық-өндірістік орталығы уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды.



sputniknews.kz