Экобелсенді белгісіз біреулер үйінің терезесін сындырып, жанғыш зат бар бөтелке лақтырғанын айтты

0

Алматылық танымал экобелсенді Салтанат Ташимова 5 қаңтарға қараған түні белгісіз біреулердің пәтерінің терезесіне жанғыш зат бар бөтелке лақтырғанын хабарлады. Vlast.kz сайтына берген сұхбатында белсенді оқиғаның түнгі сағат бірлер шамасында болғанын айтқан.

«Түнгі сағат бір шамасында лапылдап жанып жатқан оттың дыбысын естідік. Асүй терезесіне жүгіріп барсақ, терезенің ар жағында от жанып жатқанын көрдік, қызым айғайлап жіберді. Мен оттың сырт жақта екенін байқадым. Әрине, алғашында қорқып кеттім, маған іш жақта жанып жатқандай көрінді. Дереу су алып келуге жүгірдім. Қайтып келгенімде сыртқы терезенің жанғанын көрдім. Терезені ашқан кезде терезе жақтауынан күйікті көрдім, бензин сасып кеткен, әйнекке бензин шашыраған» деді Салтанат Ташимова.

Оның айтуынша, 3 қаңтарға қараған түні белгісіз біреулер пәтердің үш терезесіне тас атқан. Өзі мен отбасының қауіпсіздігіне алаңдап отырған белсенді Бостандық аудандық полиция басқармасына да өтініш жазған. ҚазТАГ агенттігінің жазуынша, «тас лақтыру» ісі бойынша Қылмыстық кодекстің 202-бап — «бөтен біреудің мүлкін қасақана бүлдіру» бабы бойынша іс қозғалған.

Азаттық 5 қаңтарда полиция басқармасына хабарласқанмен жауап ала алмады.

Azattyq