«Шекараны заңсыз бұзды» деп айыпталған Тілек Тәбәрікұлының соты 16 қаңтарға қалдырылды

0

5 қаңтарда Алматы облысы Панфилов аудандық сотында «шекараны заңсыз бұзды» деп айыпталған Шыңжаң қазағы Тілек Тәбәрікұлының соты өтуі тиіс болған. Алайда айыпталушы белгісіз себептерге байланысты Талдықорғандағы тергеу изоляторынан сотқа жеткізілмегендіктен судья Динара Құйқабаева сот отырысын 16 қаңтарға қалдырған. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне Тілек Тәбәрікұлының адвокаты Абдулла Бақбергенұлы хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, дегенмен судья сот процесін ашық деп жариялаған. Соған қарағанда «бүгін негізгі сот басталды деуге болады» деді адвокат.

Адвокаттың айтуынша, 1989 жылы Шыңжаңда туған Қытай азаматы Тілек Тәбәрікұлына Қазақстанның құқық қорғау органдары «шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айып таққан. Ол шамамен бір жарым-екі айдан бері Талдықорғандағы тергеу изоляторында қамауда отыр.

Полиция ықтиярхаты бар Тілек Тәбәрікұлын «Қазақстан азаматтығын алайын деп жүрген кезде» ұстаған.

— Оның әке-шешесі Қазақстан азаматтығын алған. Бұл кісі Қытайға бір шаруасымен барып, қайтар кезде Қытай шекарашылары паспортын алып қалған. Ол жақта ешқандай заң бұзбаған. Төлқұжатын сұрай берген соң олар қысым жасап, оны лагерьге жіберетінін айтқан. Бұл ақпаратты сол жақта істейтін досы да растаған. Бұдан кейін ол Қорғастағы базарда біраз жұмыс істеп, реті келгенде бері қарай өтіп кеткен. Не заң білмейді, қорқып қашып жүрген. Соның арасында бір жыл уақыт өтіп кеткен, — дейді адвокаты Абдулла Бақбергенұлы.

5 қаңтар күні сотқа тіркелмеген «Нағыз Атажұрт еріктілері» ұйымының өкілдері де келді. Осы ұйымның белсендісі Серікжан Біләштің айтуынша, егер Қазақстан Тілек Тәбәрікұлын Қытайға қайтарса, оның үстінен ауыр баптар бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін, себебі ол жақта «шекараны заңсыз кесіп өткен азаматтар ауыр баптар бойынша сотталады».

5 қаңтарда Азаттық тілшісі Панфилов аудандық сотына хабарласқанмен жауап ала алмады.

Тілек Тәбәрікұлы — «Қытайдағы қысымнан қашып, шекара бұзған» жалғыз қазақ емес.

2018 жылы тамызда «Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті» деген айыппен Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың үстінен сот процесі жүрген. Қоғам назарын аударған сот шешімімен Сайрагүл Сауытбай шартты жазамен бостандыққа шыққан. Сотта Сайрагүл «Шыңжаңдағы лагерьде жұмыс істегенін, кейін қысымнан қашып, шекара бұзуға мәжбүр болғанын» айтқан. Кейін ол Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай, Швецияға кеткен.23 желтоқсанда Жаркент қаласындағы сот «шекара бұзды» деп айыпталған тағы бір Қытай қазағы Қайша Ақанды алты айға шартты жазаға кескен. Сот оны Қазақстанда қалдырған. «Шыңжаңдағы қысымнан қашып, Қазақстанға келген» Ақанның қолында қазір «пана іздеуші куәлігі» бар. Ол да Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап, арыз жазған.

Бұған дейін Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы шекара бұзып, Қазақстанға өткен. Олар да «Шыңжаңдағы қысымнан қашып келгендерін» айтқан. Қазір Мұсаханұлы мен Әлімұлының үстінен тергеу жүріп жатыр.

Желитоқсан айының аяғында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өттім» деп мәлімдеген этникалық қазақ Бағашар Мәлікұлына қатысты қозғалған қылмыстық іс қысқарғанын хабарлаған.

Azattyq