Трамп егер Тегеран соққы берсе, Иранның 52 нысанына шабуыл жасайтынын ескертті
АҚШ президенті Дональд Трамп егер Тегеран америкалық нысандарға соққы берсе, Иранның 52 нысанына «өте тез әрі күшті» соққы жасайтынын ескертті.
«Иран АҚШ-тың кейбір нысандарына шабуыл жасайтыны туралы ашық айтып жатыр. Олар бізден әлемді террористен құтқарғанымыз үшін кек алғысы келеді. Ол [генерал Касем Сулеймани] басқа адамдарды айтпағанда бұған дейін америкалық сарбазды өлтіріп, өте көп адамды жаралады. Оның қолынан зардап шеккендер арасында шеруге шыққандар да бар» деп жазды 4 қаңтарда Трамп Twitter-дегі парақшасында.
Оның айтуынша, Касем Сулейманидің Бағдаттағы АҚШ елшілігіндегі шабуылға қатысы бар және өзге де нысандарға қосымша шабуыл жасауға тырысқан.
«Иран ұзақ жылдар бойы тек проблема жасаумен болды. Бұл оларға ескерту болсын: егер Иран америкалықтар мен америкалық активтерге соққы берсе, онда біз Иранның 52 нысанын көздейміз (көп жыл бұрын Иран 52 Америка азаматын кепілдікте ұстаған). Олардың кейбірі Иран мен Иранның мәдениеті үшін өте маңызды» деді Трамп.
Кейбір сыншылар Трамптың бұл мәлімдемесіне алаңдайды.