Әкімдіктегі дискотекада оқушы қыз үшінші қабаттан секіріп кеткен

0
Әкімдіктегі дискотекада оқушы қыз үшінші қабаттан секіріп кеткен


23 қарашада 13 жастағы қыз өзбекстанның Әндіжан облысы Ходжаабад аудандық әкімдігінің ауласына құлаған.

Куәгерлердің айтуынша, оқушы шенеуніктердің бірінің ұлы жасаған би кеші кезінде әкімдіктің үшінші қабатынан секіріп кеткен. Оқиға 23 қарашада, сағат 23:00-де болған.

«Үш ер азамат аудан әкімдігінің ғимаратына жетінші сыныпта оқитын қыздарды кіргізіп, сонда дискотека жасаған. Би кешінде қыздардың бірі үшінші қабаттан секіріп кеткен. Оқушы қыз жалаңаш болған. Ол ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді», — деді куәгерлердің бірі.

Аудандық аурухана дәрігерлері 13 жастағы қыз үш күн бойы жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады.

«Оның мұрны сынған, миы шайқалған, көптеген жарақаттары бар. Жансақтау бөлімінде ол тағы екі-үш күн жатады. Одан соң палатаға ауыстырамыз», — деді дәрігерлердің бірі.

Хаджаабад аудандық әкімдігінің бір қызметкері болған оқиғаны баяндап берді.

«Қыздар мен жігіттер музыканы қатты қойып, кеңседе дискотека жасаған. Әкімдікті күзететін милиция қызметкерлерінің бірі оны естіп, үшінші қабатқа көтерілген. Оны көрген қыз қорыққанынан секіріп кеткен», — деді ол.

Қазір бұл оқиғаны милиция тексеріп жатыр. 13 жастағы қыз оқитын мектеп басшылығы бұл оқушының тәртібі нашарлар тізімінде екенін айтты.

«Бұған дейін біз оның тәртібі нашар екенін милицияға хабарлағанбыз. Оған қатысты іс ашылған. Қыздың әкесі жоқ, шешесі оның тәрбиесіне салғырт қарайды. Біз бұның арты жақсылыққа апармайтынын шешесіне талай мәрте ескерткенбіз», — деді мектеп басшылығы.

Дереккөз: centralasian.org