Қытайда адам өміріне қауіпті белгісіз ауру тарап жатыр
Қысқа сілтеме алу
Бүгінде белгісіз дертті 27 адам жұқтырған, оның жетеуі ауыр халде. Қытайлық дәрігерлер аурудың емін іздеп жанталасуда
НҰР-СҰЛТАН, 31 желтоқсан — Sputnik. Қытайдың Хубэй провинциясына қарасты Ухань қаласында пневмония ауруының белгісіз түрі тарап жатыр, деп хабарлайды РИА Новости.
Ухань қаласының денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарға сақ болуға кеңес берді.
«Өкпе қабынуы дертінің белгісіз түрінің тарап жатуына байланысты медициналық мекемелер статистика жүргізіп, пациенттердің жағдайын мұқият қарауды өтініп сұраймыз. Тиісті ақпаратты бізге бірден жіберіңіздер», — делінген қалалық денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламада.
Ведомство жергілікті БАҚ-қа дәрігерлер аурудың емін іздеп жатқанын атап өтіп, бұл дертті жұқтырған науқастар оқшауланған түрде ем қабылдап жатқанын жеткізді.
Жергілікті биліктің мәліметіне сәйкес, Уханьда желтоқсан айында 27 адам пневмония ауруының (өкпе қабынуы) белгісіз түрін жұқтырған. Оның жетеуі ауыр халде жатыр.
Дәрігерлер екі адамның дерттен айыққанын, алдағы уақытта ауруханадан шығарылатынын хабарлады.
Аурудың неден пайда болғанын анықтау үшін Ухань қаласына Қытайдың денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитетінің мамандары келді.
Тағы оқыңыз: Назарбаев Қытай басшылығымен қандай келісім жасағанын түсіндірді
Айта кетейік, осыған дейін де Қытайда атипиялық пневмония ошақтары тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, 2002-2003 жылдары Қытайда бұл ауруды 5 мыңнан астам адам жұқтырған. Оның 350-і дерттен көз жұмды.
sputniknews.kz