Хорватияның қамаудағы экс-премьері парақорлық айыбымен тағы сотталды

0

Хорватия соты елдің бұрынғы премьер-министрі Иво Санадерді үкіметті басқарып тұрған кезде бірнеше миллион еуро пара алғаны үшін айыпты деп танып, алты жыл түрме жазасын кесті.

Загреб сот 30 желтоқсанда Санадер осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Венгрияның MOL компаниясына Хорватияның INA энергетика компаниясының ең үлкен үлесін бергені үшін 10 миллион еуро алған деп таныды. Сот үкімі бойынша, Венгрияның MOL компаниясының атқарушы директоры Золт Эрнади Санадерге пара бергені үшін екі жылға түрмеге қамалды.

Сот үкімі жарияланған отырысқа айыпкерлердің ешқайсысы қатысқан жоқ. Сот төрағасы Иван Турудич Эрнадиді ұстауға еуропалық ордерге қол қойылғанын хабарлап, Венгрия жағынан «тиісті іс-әрекет жасауын» сұрады.

Сотталушылар үкімге шағым бере алады.

66 жастағы Иво Санадер 2003-2009 жылдар аралығында Хорватия үкіметін және сонымен бір мезгілде биліктегі «Хорватия демократиялық одағы» партиясын басқарған. Егер үкім күшіне енсе, Санадер мемлекетке 10 миллион еуро төлеуге міндетті болады.

Санадер өзіне жемқорлық туралы екі айып тағылғаннан кейін 2010 жылы шетелге қашқан. Бір жылдан соң Австрияда ұсталып, елге жеткізілген. Бірақ 2015 жылы Конституциялық сот жемқорлық туралы іс бойынша үкімнің күшін жойған. 2018 жылы алаяқтық қылмысы үшін айыпты деп танылып, екі жарым жылға сотталған ол қазір түрмеде отыр. Сот үкіміне сәйкес, Санадер Hypo Bank-тен алған пара көлеміндегі ақшаны, яғни 570 мың долларды мемлекетке төлеуі тиіс.

Azattyq