Ішкі істер министрлігі ұшақтың құлауына себеп болған үш жағдайды атады
Қысқа сілтеме алу
Ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, қазір министрліктің тергеу тобы әуе апатын тексеріп жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. Ішкі істер министрлігі Алматы түбіндегі ұшақтың құлауына себеп болған үш болжамды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, қазір министрліктің тергеу тобы әуе апатын тексеріп жатыр.
«Қазір үш болжам қарастырылуда. Біріншісі – экипаж қателігі, екіншісі – борттың техникалық ақауы, үшіншісі – навигациялық қызметтің жұмысы», — деді ішкі істер министрі үкімет отырысынан кейін.
Қазір апат орны қаралып, әуе лайнерінің демонтажы жүргізілуде. Министрдің сөзінше, құлаған ұшақ әуежай аумағына жеткізіліп, жіті тексеріледі.
Атап өтсек, қайғылы оқиға 27 желтоқсан таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы Fokker 100 ұшағы құлады.
Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш қазір ауруханада жатыр.
Президентің тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
sputniknews.kz