Ұшақ апатынан қаза болғандардың саны 14-ке жетті
«Әзірге толық емес ақпарат бойынша ұшақ апатынан 14 адам қаза болды» деп хабарлады Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсет Мақажанов Азаттық тілшісіне. Оның айтуынша, толық ақпарат сәлден соң Алматы әуежайында болатын брифинг кезінде айтылады.
Төтенше жағдай комитеті аты-жөні анықталған апаттан қаза болғандардың тізімін жариялады:
- Николай Астанов 1971 жылы туған;
- Хайдаров Р. 1940 жылы туған;
- Бауыржан Қалиев 1974 жылы туған;
- Базархан Карибаев 1974 жылы туған;
- Марат Мұратбаев 1961 жылы туған;
- Абай Нұрбаев 1982 жылы туған;
- А.Исина
Ал №4 қалалық клиникалық ауруханаға 16 адам жеткізілген.
27 желтоқсан күні таңертең Алматы маңына Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы құлады. Әуежай баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұшақта 100 адам — 95 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Алматы әуежайының хабарлауынша, №2100 рейспен Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан ұшақпен байланыс жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 7:05 кезінде үзілген.
Талғар аудандық полиция басқармасына «Гүлдала елді мекенінің маңына ұшақ құлағаны» туралы ақпарат таңертеңгі сағат 7:30-да түскен. Азаттық тілшілері апат болған аумақты полиция қоршап тастағанын хабарлаған.
Әкімдік жараланған адамдардың санын айтпады. Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, №4 қалалық клиникалық ауруханаға 16 адам жеткізілген. №1 Алматы облыстық ауруханасына түскен алты адамның бесеуінің жағдайы — ауыр деп хабарлады дәрігерлер таңертең.
(Жаңалық толықтырылады).