Экология министрі қалдыққа бай облыстарды атады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Мырзағалиев егер тиісті шара қабылданбаса, 2030 жылы ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 миллион тоннаға дейін өсетінін ескертті

НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Елімізде қалдықтардың негізгі үлесі Қарағанды мен Павлодар облыстарына тиесілі, шамамен 56 процент. Бұл туралы бүгін экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің ақпаратынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша атмосфераға ластаушы заттардың қалдықтары 2,5 миллион тоннаны, ал жыл сайынғы өсімі 100 мың тоннаны құрап отыр. Оның ішінде электр энергетикасына (көмірмен жұмыс істейтін жылу-электр станциялары) 940 мың тонна, тау-кен металлургия секторына – 760 мың тонна, мұнай өндіру – 520 мың тонна, көлік пен ауыл шаруашылығына 320 мың тонна тиесілі.

«Өңірлердегі қалдықтардың негізгі үлесі Қарағанды және Павлодар облыстарында, шамамен 56 процентті құрайды. Егер тиісті шара қабылданбаса, 2030 жылы болжам бойынша ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 миллион тоннаға дейін өседі», — деді Мырзағалиев үкімет отырысында Экологиялық кодекс жобасын таныстыру барысында.

Сонымен қатар, ол парниктік газдарға да тоқталды. Айтуынша, Париж келісімі бойынша Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын 2030 жылға қарай 1990 жылмен салыстырғанда 15 процентке төмендетуі тиіс. Алайда әзірге бұл іске аспай отыр. Осыған байланысты министрлік парниктік газдарды азайту үшін герман тарабының қолдауымен 2050 жылға дейінгі төменкөміртекті даму стратегиясын әзірлеуге кірісті.

Бұдан бөлек, Мырзағалиев тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесін де қозғады. Айтуынша, қазір еліміздің 3,5 мың полигонында 120 миллион тоннадан аса тұрмыстық қатты қалдық жиналған. Жыл сайын 5 миллион тоннадан астам тұрмыстық қалдық түзіледі.

Тағы оқыңыз: Тоқаев қоқыс полигондарын тәртіпке келтіруді талап етті

«2019 жылдан бастап пластмассаны, картон мен қағаз қалдықтарын, шыныны көмуге тыйым салынды. Алайда өңірлерде тиісті инфрақұрылым болмағандықтан, іске қосылған механизм жеткілікті дәрежеде жүзеге асырылмай отыр», — деді ол.

Осы ретте министр экологияға қатысты проблемалар жетерлік екенін айтты. Олар: атмосфералық ауаның сапасы, жерүсті суларының ластануы, кәріздік тазарту кешендерінің тозуы немесе болмауы, тұрмыстық қалдық полигондарының жоқтығы және тағы басқа.

Мырзағалиевтің пікірінше, республиканың қоршаған ортасын жақсарту үшін ұлттық деңгейде шаралар қабылдау қажет.



sputniknews.kz