22 желтоқсандағы сайлау заңды саналады

0

Өзбекстан орталық сайлау комиссиясы елде 22 желтоқсанда өткен парламенттің төменгі палатасы – Олий Мажлис пен жергілікті кенгаш (мәслихат) сайлауының «заңды күші бар» деп мәлімдеді. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады. ОСК сайлаудың алдын ала қорытындысын дүйсенбі күні түстен кейін жариялауы мүмкін.

Сайлау учаскелерінде дауыс беру жексенбі күні Ташкент уақыты бойынша сағат 20:00-да аяқталған. ОСК мәліметі бойынша, дауыс беруге тізімге алынған сайлаушылардың 70 пайызы — 18 797 810 адам қатысқан. Өзбекстан заңына сәйкес, тізімдегі сайлаушылардың 33 пайыздан астамы дауыс берген жағдайда «сайлаудың заңды күші бар» деп саналады.

Бұл жолғы сайлауға бес саяси партия қатысты:

  • Өзбекстан либерал-демократиялық партиясы (ел президенті Шавкат Мирзияев осы партияның мүшесі);
  • «Миллий тикланиш» («Ұлттық жаңғыру») демократиялық партиясы;
  • Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясы;
  • «Адолат» социал-демократиялық партиясы;
  • «Өзбекстан экология қозғалысы».

Орталық Азия бойынша тәуелсіз сарапшылар парламент сайлауына түскен бес партияның барлығы да президент Мирзияевтің саясатын қолдайтындықтан сайлаушыларға өзге таңдау болмағанын айтады.

Оқи отырыңыз: Тізімдегі партиялар Мирзияев саясатын қолдайды

Бұл — Шавкат Мирзияев билікке келгелі бері өткен алғашқы парламент сайлауы. Елді ұзақ жыл басқарған Ислам Каримов 2016 жылы қайтыс болғаннан кейін оның орнына келген Мирзияев елде реформа жасауға уәде берген. Бірақ оппозиция өкілдері Өзбекстанда саяси өзгеріс жасауға Мирзияевтың батылы жетпей отыр деп санайды.

Azattyq