Ресей мен Беларусь салық, мұнай және газ мәселесі бойынша келісе алмады
Ресей мен Беларусь арасында «интеграцияны тереңдетуге» үш мәселе: салық, мұнай және газ мәселесі кедергі келтіріп отыр деп мәлімдеді Ресейдің экономикалық даму министрі Максим Орешкин. 20 желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен екі мемлекет басшысының келіссөзінен кейін министр осылай деп мәлімдеді.
Дегенмен Орешкин екі мемлекет басшысының нақты қандай мәселеде келісе алмай отырғанын айтпады. Ол сонымен бірге Беларусь басшысы Александр Лукашенко мен Ресей президенті Владимир Путиннің келесі кездесуі қашан болатынын да хабарламады.
Ресей министрінің айтуынша, екі апта бұрын Лукашенко мен Путин кездескен кезде тараптар ауыл шаруашылығы, кеден, байланыс және өзге мәселелер бойынша келісімдерге қол жеткізген. Орешкиннің айтуынша, екі жақ жалпы 31 «жол картасын» мақұлдауы керек.
Путинмен кездесер алдында Минскі мен Мәскеу арасындағы қатынастың «керемет жетістігі» туралы айтқан Лукашенко арадағы мәселелерді де еске салған. Мемлекет басшылары келіссөзден кейін оның қорытындысы туралы ләм-мим демеді. Президенттердің кездесуінен кейін бірден Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) саммиті басталып кетті. Бұл одаққа Ресей, Беларусьтен бөлек Қазақстан, Қырғызстан Аремния мүше.
Путин мен Лукашенко қол қоюға тырысып жатқан құжаттың мазмұны белгісіз. Бұған дейін мәселе одақтас мемлекет құру аясында интеграцияны тереңдету жайлы болып отырғаны хабарланған. Оппозиция Беларусь Ресей құрамына кіріп, тәуелсіздігінен айырылуы мүмкін деп қауіптенеді.
Беларусь пен Ресей 20 жыл бұрын екі мемлекеттің одақтастығы туалы келісімшарт жасасқан еді. Көбіне қағаз жүзінде қалған бұл шартта ортақ валюта, сот және ортақ кеден құру мәселесі айтылған.