Жеңіс Қасымбек уахабизммен қалай күресіп жатқанын айтты
Қысқа сілтеме алу
Облыс басшысы Сирияда соғысқан қарағандылықтарды әлеуметтік ортаға бейімдеу және олардың балаларына білім беру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 20 желтоқсан – Sputnik. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірде «уахабизм» дәстүрлі емес діни ағымының өкілдері бірнеше есеге азайғанын айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін облыс әкімі елордадағы Қазақстан президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізіп, өңірдің басты жетістіктері мен жоспарлары, әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады.
Баспасөз конференциясы барысында Жеңіс Қасымбекке күтпеген сұрақтар да қойылды.
«Жеңіс Махмұдұлы, жақында «Жусан» операциясы өткен болатын. Операция барысында Сириядағы қарулы қақтығыстарға қатысқан қазақстандықтар елге жеткізілді. Оның әрбір үшіншісі Сәтпаев қаласының тумасы. Сәтпаев – Қазақстандағы «уахабизм» дәстүрлі емес діни ағымы дамып жатқан қаланың бірі. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне сәйкес, Сирияда соғысып жүрген әрбір бесінші қазақстандық Қарағанды облысының тұрғыны екен. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?», — деп сұрады журналист.
Өңір басшысы сұраққа жауап берерден бұрын бұл мәселе баспасөз мәслихатының тақырыбына сәйкес келмейтінін атап өтті.
«Бүгінгі брифингтің тақырыбы бұл мәселеге сәйкес келе ме, келмей ме, білмедім. Бұл сұраққа қысқаша жауап берейін. Әрине, мұндай мәселелер туындаған. Егер 2-3 жыл немесе 5 жыл бұрынғы жағдаймен салыстыратын болсақ, дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері бірнеше есеге азайды. Сіз «Жусан» операциясына тоқталдыңыз. Ондағы мәліметтер туралы білмедім», — деді Жеңіс Қасымбек ағынан жарылып.
«Жолда баламды өлтіріп алдым»: Сириядан оралған келіншектің азапты өмірі
Дегенмен ол облыста дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдерімен белсенді түрде жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
«Қарағандыда ондай адамдарды оңалту жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Анығын айтқанда солай. Әрбір адам есепте тұр, әрбірімен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Негізгі мақсатымыз – оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, жұмыспен қамтамасыз ету, олардың балаларына білім беру. Анасымен бірге келген балаларды айтамын. Сәтбаевта және басқа қалаларда бұл бағыттағы жұмыстар нақты, жеке адамдармен жүргізіліп жатыр», — деді облыс әкімі.
Жеңіс Қасымбек бұл мәселе жеке бақылауында екенін де айта кетті.
«Сіз айтқан әрбір үшінші, әрбір бесінші азамат деген ақпаратыңыз жайлы білмедім. Менің ойымша, біздің облыста бұл мәселе бойынша жағдай тұрақты», — деп түйіндеді сөзін өңір басшысы.
Айта кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне сәйкес, «Жусан» операциясы барысында Сириядан 595 қазақстандық қайтарылды. Олардың 400-ден астамы балалар. Осыған дейін Қазақстанға оралған он ер адам мен бес әйел түрлі мерзімге сотталған болатын. Олар Сирия аумағындағы террористік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін кінәлі деп танылды.
sputniknews.kz