Тоқаев Қазақстанның сыртқы қарызына қатысты тапсырма берді

0

Президент қазақстандықтар бюджет қаржысының бөлінуі туралы шынайы ақпарат алуға құқылы екенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 20 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 сәуірге дейін сыртқы борыштың бірыңғай реестрін әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«2020 жылдың 1 сәуіріне дейін ұлттық экономика, қаржы министрліктері және Ұлттық банк цифрландырылған мәліметтер базасы түрінде сыртқы қарыздың бірыңғай реестрін әзірлеуі тиіс», — деді Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында.

Президент қазақстандықтар бюджет қаржысының бөлінуі туралы шынайы ақпарат алуға құқылы екенін атап өтті.

«Ашықтық принципі мемлекет аумағында жүргізілетін қаржы операцияларының барлық түрін қамтуы тиіс», — деді мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында «халық қатысатын бюджет» жобасы пилоттық режимде іске қосылған.

«Бұл бастаманың қоғамдық маңызын ескере отырып, 2020 жылдан бастап мұндай тәжірибе 55 әкімшілік бірлікте енгізіледі», — деді ол.

Сонымен қатар, президент ұлттық валюта бағамының тұрақсыздығы мәселесін де көтерді.

«Бұл біздің кәсіпкерлер мен азаматтрды алаңдатып оырған мәселе. Менің тапсырмам бойынша ұлттық банк бағам саясатының ашықтығын, сол арқылы оған халықтың сенімін арттыратын тетіктерді әзірледі. Ұлттық банк 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қор трансферттерінің валюта нарығындағы айырбасын ай сайын және тоқсан сайын жариялап отыруы тиіс. Сонымен бірге айырбас кестесі де жарияланады. Ақша-несие саясатының стратегиясы қабылданады», — деді Тоқаев.



sputniknews.kz