«Полицейді қорлады» деп жазаланған белсенді үкіммен келіспейді
44 жастағы Нұржан Мұхаммедов қыркүйек айында «Қытай экспансиясына қарсы» өткен шеруге қатысқан. Ал қазанның соңында полиция белсендіні «қыркүйектегі рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін» ұстап, әкімшілік жауапқа тартпаққа сотқа апарған. Мұхаммедовті сотқа әкелгенде ол полицейлердің ар-намысын қорлаған-мыс. Белсендінің үстінен Қаратау аудандық полиция басқармасының инспекторы Рашид Гамардинов шағым түсірген.
— Полицияны балағаттауға не себеп болғанын білмеймін. Жеке өзімді балағаттамады. Арызды бір полиция жазу керек болған соң сотқа шағымды мен жаздым, — дейді Гамардинов.
Инспектор шағымы бойынша сот үкімі желтоқсанның 19-ы күні шықты.
— Нұржан Мұхаммедов Қылмыстық Кодексің 378-бабымен («Билік өкілін қорлау») кінәлі деп танылсын. 40 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалсын. Жәбірленушіге 12 625 теңге өндірілсін, — деді судья Еркебұлан Төлешов.
Судья үкімді оқып болған соң сотталушы Нұржан Мұхаммедов пен оның жақтастары «Масқара!», «Сатқын!» деп айқайлап, үкімге наразы болды.
Нұржан Мұхаммедов үкіммен келіспейтінін айтады. Оның сөзінше, жәбірленуші полиция Рашид Гамардиновтің «ар-намысыма тиді, қорлады» дегені – жала. Белсенді полиция инспекторының арыздануын, сол үшін жазаланғанын өзінің саяси көзқарасымен байланыстырады.
— Тағылған айыппен келіспеген күннің өзінде 40 сағаттық қоғамдық жұмысты істеп, айыппұлды төлеймін, — деді белсенді.
«БАЛАҒАТТАҒАНЫМ РАС»
Қазанның 25-і күні полиция Нұржан Мұхаммедовті «қыркүйектегі заңсыз митингіге қатысқаны үшін» қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына күштеп жеткізген. Инспектор белсенді сот процесіне қатысудан бас тартқан соң полицейлер оны мәжбүрлеп сот залына кіргізбек болғанын, сол уақытта айыпталушы қоғамдық орында полицейлерді балағаттап, ар-намысына тигенін айтады.
Полиция Мұхаммедовті сотқа күштеп кіргізбек болғанда белсенді «қабырғамды ауырттыңдар» деп жедел жәрдем шақырады. Дәрігерлер оны ауруханаға әкетіп, рентгенге түсіріп, укол салып береді. Кешкісін полицейлер сотқа қайта алып барады. Қазанның 25-і кешкісін сот Мұхаммедовті «заңсыз митингіге қатысты» деген айыппен бес тәулікке қамайды.
Нұржан Мұхаммедов полицейлер әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы бермегендіктен сотқа кіруден бас тартқанын айтады.
— Адвокатым полицейлерден әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен таныстыруды сұраған. Хаттама берілмеген соң сотқа қатысудан бас тарттым. Содан кейін полиция сотқа күштеп алып кірді. Әйелім хаттаманың көшірмесін беріңдер деп маған араша түскен. Сол кезде полицейлердің бірі әйелімді ұрып ерні мен мұрнын қанатқан. Әйелімнің қанап тұрған аузы мен мұрнын көріп боқтадым. Балағаттағанда атын атап, түрін түстеген жоқпын. Кім ұрса да, ұрған адамға қарата балағат сөз айттым. Ашумен, жаным ауырған соң айтқаным рас, — деді белсенді.
Белсенді мен оның әйелі полиция әрекетіне қарсылық білдіріп, «сотқа заңсыз күштеп әкелді», «денсаулыққа зиян келтірді» деп полиция департаментіне арызданған. Осы күнге дейін олардың арызына жауап берілмеген.
«ПОЛИЦИЯ АРАНДАТТЫ»
Полиция шағымы бойынша өткен істе куәгер болған белсенді Данияр Байтілеу де Мұхаммедовті сотқа алып келген полицейлер оған әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны туралы хаттаманы бермей сот процесіне кіргізбек болғанын айтты.
Оның сөзінше, Мұхаммедовтің адвокаты полицейлерден іспен танысу үшін хаттама сұраған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама құқық бұзушылық жасалғаннан соң үш күннің ішінде толтырылуы керек екенін ескерткен.
Куәгер Мұхаммедов хаттама берілмеген соң үйіне кетпек болғанда полицейлер сүйреп сот ғимаратына кіргізгенін айтты.
— Мұхаммедовті сотқа сүйреп кіргізіп жатқанда араша түскен әйелінің мұрны мен аузын әлдекім ұрып қанатты. Полиция әкімшілік хаттаманы уақтылы бергенде мұндай текетірес болмайтын еді. Полиция қолдан арандатты, — деді Байтілеу сотта.
Ал прокурор Сержан Нұрпейісов жарыссөзде Мұхаммедовтің «әйелімді ұрып, аузы мұрнын қанатқан адамды балағаттадым» деген уәжін «қылмыстық жауапкершіліктен қашу, жалтару» деп бағалады.
— Сотталушының айыбын дәлелдейтін бірден-бір дәлел — оқиға орнында болған полиция қызметкері Гамардиновтің жауабы, — деді прокурор.
Жәбірленуші Гамардинов жарыссөзде «прокурордың сөзін қолдаймын» деп қана жауап берді.
БІРНЕШЕ РЕТ СОТҚА ТАРТЫЛҒАН БЕЛСЕНДІ
44 жастағы Нұржан Мұхаммедов Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайында кәмелет жасқа толмаған бес баласымен бірге жалдамалы үйде тұрады. Білімі – орта. Уақытша жұмыссыз. Ол бұған дейін «саяси тұтқындарға» бостандық талап еткен шараларда, Қытай экспансиясына қарсы митингілерге қатысып, 5 күннен 15 күнге дейін төрт рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сот оны «заңсыз митингілерге қатысты» деп айыптаған.
Нұржан Мұхаммедов – Шымкентте қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікірін ашық айтып жүрген жергілікті белсендінің бірі. Қарашаның 19-ы күні ол белгісіз біреулердің көлігінің терезесін шағып, иттің басын тастап кеткенін айтып, мұны «азаматтық белсенділігімен» байланыстырған еді.
Видео: Белсенді көлігінен иттің басын тауып алғанын айтады
Нұржан Мұхаммедовтің Азаттыққа айтуынша, осыған дейін дүкені тоналып, жеке көлігінен телефоны да ұрланған. Полиция қараша айының соңында белсендінің шағымы негізінде «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Белсенді 2016 жылы Қазақстанда жер дауы ушығып, жерді шетелдіктерге сату және жалға беруге қарсы наразылықтарға қатысқан.