Өкілдер палатасы Трамп импичментін қолдады
АҚШ конгресінің өкілдер палатасы 18 желтоқсанда президент Дональд Трампқа импичмент жариялау мәселесі бойынша дауыс беріп, басым бөлігі Трамп импичментін қолдады. Енді бұл мәселені алдағы уақытта сенат қарауы тиіс.
Осылайша Дональд Трамп АҚШ тарихында конгрестің өкілдер палатасы импичмент жариялаған үшінші президент атанды. Өкілдер палатасы оған екі айып бойынша импичмент жариялауды қолдады: қызметтік өкілетін асыра пайдалану және конгресс зерттеуіне кедергі келтіру. Алғашқы айып бойынша, Трамп президент өкілетін пайдаланып, шетел әріптесінің көмегімен (нақты жағдайда бұл Украина) 2020 жылы болатын президент сайлауындағы саяси қарсыласына қарсы істі зерттеуге тырысқан. Екінші айып бойынша, Трамп импичмент жариялау мүмкіндігі бойынша конгресс зерттеуі кезінде сұрау салынған мыңдаған құжатты бермеген және осы зерттеу аясында конгресс талқылауына бармақ болған куәгерлерге кедергі келтірген.
Енді Трампқа импичмент жариялау мәселесін сенат қарайды. Болжам бойынша, дауыс беру қаңтар айында өтеді.
Мичигандағы сайлау кампаниясы кезінде дауыс беруге байланысты пікірін айтқан Трамп «демократтар ондаған миллион Америка патриотының бюллетенін (2016 жылы президент сайлауы кезінде Трампты жақтаған адамдар саны) жарамсыз қылуға тырысып жатыр» деді.
АҚШ-та импичмент дауы Трамптың 25 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленскиймен болған әңгімесінен соң туған. Америкалық басылымдар Трамп 2020 жылы өтетін сайлауда бәсекелесі болуы ықтимал Джо Байденнің үстінен жемқорлық дауы бойынша іс қозғауға Зеленскийді мәжбүрлемек болған деп жазды. Сыншылар Трампты «қызмет өкілетін асыра пайдаланып, ықтимал бәсекелесіне қарсы дерек табуға тырысты» деп айыптады. Дональд Трамп бұл айыптауларды жоққа шығарды.
Трамп пен Зеленский арасындағы әңгіме мазмұны белгілі болған соң АҚШ Конгресі өкілдер палатасындағы демократтар Трампқа «сертін бұзғаны үшін» импичмент жариялау процесін бастаған. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский өзіне Трамптың қысым жасамағанын айтқан.