«Дертін біле тұра босатпады». Семей түрмесінде ракқа шалдыққан тұтқын көз жұмды

0

«АЛТЫНЫМ, МЕН ЕНДІ ЕШҚАШАН ОРАЛМАЙМЫН»

Желтоқсанның 17-сі күні өскемендік зейнеткер Тамар Гугина күйеуі Викторды ақтық сапарға шығарып салды. Қаланың шетіндегі зиратқа «ата-анамның жанына қойдық» дейді көз жасын тыя алмаған Тамара.

Виктор Лузянин

Виктор Лузянин

— Желтоқсанның 14-і күні кешке көз жұмған екен. Көп адам телефон шалды. Маған колония басшылығы, кейін аурухананың басшылығы хабарлады. Желтоқсанның 16-сы күні ұлыммен бірге барып, денесін колониядан алып кеттік. Желтоқсанның 17-сі күні жерледік. Жағдайының тым нашар екенін судья көрмегені ма сонда? Ол қанша ауырса да, «босап шығам» деген оймен болды. Кейін босатылмайтыны белгілі болғасын өзін-өзі тастап жіберді, есінен танып қалған. Ол мені үнемі «алтыным» дейтін. Сол күні маған хабарласып «алтыным, енді мен саған ешқашан олармаймын» деуге ғана шамасы жетті. Содан кейін дауысын естіген жоқпын, — деді Тамара Гугина ауыр күрсініп.

63 жастағы Виктор Лузянин 2017 жылы сәуірде Қылмыстық кодекстің «Есірткі сақтау» бабымен 11 жылға сотталған. Әйелі оның қылмыс жасағанына сенбейді. 2015 жылы Лузяниннің онкологиялық ауыруға шалдыққаны анықталып, қатерлі ісікті алып тастау үшін ота жасалған. Әйелінің сөзінше, операцияға қарамастан күйеуінің ауыруы асқына берген.

— Ол жазасын Өскемендегі ОВ-156/2 колониясында өтеп жатты. Кейін жағдайы мүлдем нашарлағаннан кейін арызданып жүріп, төрт ай бұрын Семейдегі ОВ-156/15 колониясына (санитарлық қалашық деп те аталады – ред.) жібердік. Ол екінші топ мүгедегі, қатерлі ісікке шалдығып, соңғы сатысына жеткен. Судья оның жүре алмайтынын, екі сөзден артық сөйлеуге шамасы жетпейтінін көре тұра босатқан жоқ, — дейді Тамара Гугина.

Виктордың артында әйелі, төрт баласы мен немересі қалды. Тамара күйеуінің «жағдайын біле тұра, қамаудан босатпағандармен соттасуға шамам жоқ, барлығын құдайға тапсырдым» дейді.

«ТҮРМЕГЕ ТҮСКЕНДЕ ДЕНСАУЛЫҒЫ НАШАР ЕДІ»

Қылмыстық кодекске сай, жазасын өтеуші ауруға шалдықса жазадан босатылуы мүмкін. Ал Қылмыстық-процестік кодексте сотталған адам я оның өкілі, түрме басшылығы «тұтқынның дертке шалдыққанын айтып», сотқа өтініш жолдауы тиіс

Түрмедегі тұтқындардың құқығын қорғаумен айналысып жүрген құқық қорғаушы Елена Семенова «колония басшылығы заңды құқығы мен уәкілетігі бола тұра уақыт созды» деп санайды.

Құқық қорғаушы Елена Семенова.

Құқық қорғаушы Елена Семенова.

— Ол жазасын өтеу үшін ОВ-156/2 түрмесіне түскенде денсаулығы нашар-тын. 2015 жылы ота жасалғаны, қатерлі ісікке шалдыққаны белгілі еді. Тиісінше, ол бақылауда болып, уақтылы ем-домын алып тұруы керек еді. Бірақ оның бірде-бірі жасалмады. Оның жағдайы 2017 жылы да, 2018 жылы да да қиын еді, соған қарамастан түрме басшылығы неліктен санитарлық мекемеге жібермеген? Ал санитарлық мекеме басшылығы сотқа неге ертерек өтініш жазбаған? Ең болмағанда екі ай бұрын өтініш жазып, сот босатқанда ол адам сияқты отбасының ортасында, үйінде біраз уақыт болар еді, — дейді құқық қорғаушы.

Азаттық тілшісі санитарлық мекеме басшылығы мен түрме ауруханасының бас дәрігеріне хабарласқан болатын. Алғашқысы мүлдем телефонға жауап бермеді. Ал аурухананың бас дәрігері Ерлан Ибраев өзінің «іссапарда жүргенін» айтты, «сотқа өтінішті неліктен кеш түсірдіңіздер?» деген сұраққа «Виктор Лузянин медициналық тексерістен өткенше сол болды» деп қысқа жауап берді.

Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық атқару жүйесі комитетінің есімін атамауды сұраған өкілі Азаттыққа Виктор Лузяниннің үнемі дәрігер бақылауында болғанын айтты.

— 2017 жылы Семейдегі республикалық соматикалық ауруханада болды. Дәрігерлер қарап, бақылауда ұстады. Кейін ОВ-156/2 түрмесіне қайта келіп, Өскеменнің онкодиспансерінде гармонотерапия қабылдап жүрді. Кейін жағдайы нашарлап, қан тапсырды. Қан анализінің нәтижесі нашар болғандықтан әскери жасақ шақыртып, Семейдегі соматикалық ауруханаға қайта жібердік. Соңғы рет Семейдегі ОВ-156/15 колониясына, яғни санитарлық қалашыққа қарашаның 13-і күні жеткізілді. Біз қайтадан толықтай медициналық тексеру жасап, қарашаның 28-сі күні сотқа өтініш жаздық, сот өтінішімізді желтоқсанның 11-і күні қарап, қанағаттандырмады, — дейді ол.

Виктор Лузянин жақындары соттың мұндай шешім шығаруына не себеп болғанын білмейді. Әзірге сот қаулысын көрмеген. Ал шешімді шығарған судья Торғын Құдайбергенованың хатшысы «қаулының көшірмесі отырысқа қатысқандарға ғана берілетінін», яғни колонияға жіберілгенін айтты. Колония басшылығы шешімді алған я алмағандары жайлы Лузяниннің әйеліне «ештеңе айтпаған».

Семейдегі ОВ-156/15 колониясында Виктор Лузяниннен бұрын тағы бір жазасын өтеуші — Руслан Шахгиреев те көз жұмған. Ол да ұзақ уақыт ауырып, кейін сот босату туралы үкім шығарған. Бірақ Руслан Шахгиреев сот қаулысы заңды күшіне енгенше, түрмеде қайтыс болды. Әйелі жеті айдан бері күйеуінің өліміне кінәлілерді жауапқа тарту ісімен жүр.

— Күйеуім ауруға шалдыққанын және кейін оның қайтыс болғанын дер кезінде хабарламағаны үшін түрменің екі қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Менің күйеуім қылмыс жасап, түрмеде жазасын өтеп жатты. Мекемеде ауырып, өзіне медициналық көмек көрсетуді талап етті. Бірақ оны ешкім емдеген жоқ. Сондықтан ол өз өзін өлтірмек те болған. Енді қазір күйеуімді өз-өзіне қол салуға итермелегендер мен оның өліміне жауапты адамдарды қылмыстық жауапқа тартуды көздеп отырмын. Бұл күресім немен аяқталарын білмеймін, бірақ аяғына дейін күресуге дайынмын, — дейді Руслан Шахгиреевтің әйелі Милана Шахгиреева (төлқұжат бойынша аты – Наталья Шахгиреева).

Қазақстан сотының шешімімен жабылған «Алға» оппозициялық партиясының бұрынғы жетекшісі, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін «араздықты қоздыру» айыбымен 7,5 жылға сотталып, түрмеде отырып шыққан Владимир Козловтың пікірінше, Қылмыстық атқару кодексінде жазасын өтеушіні медициналық және санитарлық көмекпен қамту туралы бір емес, бірнеше шарт көрсетілгенімен, жүзеге асуы тым сирек.

Владимир Козлов.

Владимир Козлов.

— Виктор Лузяниннің жағдайы жайлы айтатын болсақ, бұл жерде түрме әкімшілігінің, колония дәрігерлерінің, судьяның адамға жаны ашымағанын көруге болады. Мұндай жағдай Қазақстанда үйреншікті жағдай болып барады. Сапалы дәрігерлік көмек алу үшін талай қиындықтан өту керек. Соңында бәрібір алмайды. Егер дәрігерге қаралу құқығыңды тынбай талап етсек, түрме әкімшілігінің қаһарына ұшырап, жазаланасың. Сені шектеп, бүкіл құқықтарың мен мүмкіндіктеріңнен айырып тастайды. Қарапайым ғана мысал – денсаулығының нашарлағанын айтып, бірнеше рет өтініш жазса да, Мұхтар Жәкішевті («Қазатомөнеркәсіп» компаниясының экс-басшысы, «жемқорлық» айыбымен 2009 жылы 14 жылға сотталған – ред.) қамаудан босатпай отыр. Оған лагерьлік жүйеде көмектесу мүмкін емес. Бірақ соттар оны шартты түрде босатпаудың түрлі себебін іздеп табады, — дейді ол.

Биыл қарашаның 7-сі күні Женевада Қазақстан БҰҰ құқық қорғау органында елдегі адам құқығының жағдайы бойынша есеп берген жиында Батыс елдері Нұр-Сұлтанды түрмедегі тұтқындар құқығын сақтауға шақырған.

Azattyq