Көп балалы аналар: Педофилдер өлім жазасына кесілсін

0

Ақтөбеде бір топ балалы аналар жиналып, педофилдерге өлім жазасын қолдануды талап етіп отыр. Биліктегілерге арызын жеткізу үшін аналар қол жинауға кіріскен,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп.

Жиналған әйелдердің талабы — тоғыз жасар баланы қорлаған айуанды табу. Бала зорлағыштардың өмір сүруге хақысы жоқ, ондай озбырларға қатысты күшейу керек дейді. «Педофилдерді ұзақ мерзімге түрмеге жапқанымен бәрібер бір күні бостандыққа шығады. Содан кейін қылмыс жасамайтынына кім кепіл», — деді аналар.

«Ату жазасын берсін! Ату жазасын! Ондай адамдар өмір сүруге лайықты емес. Осындай жағдай болмауы үшін мықты заң енгізуді талап етеміз! Көп балалы аналар ретінде!», — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлдана Қажекенова.

Ақтөбеде тоғыз жасар қызды зорлаған педофил іздестіріліп жатыр. Қаскөй сабақтан шыққан 4-ші сынып оқушысын үй маңынан аңдып жүріп, алдап, пәтеріне кірген. Сөйтіп бүлдіршінді буындырып, ойына келгенін істепті. Қыздың қансырап, ессіз жатқан кезінде әкесі келген. Қазір сол үйдің маңындағы бейнебақылау камераларының бәрі тексерілуде. Әзірге күдікке 35-40 жастағы адам ілігіп отыр.

Сұмдық оқиға Ақтөбедегі вокзал маңындағы үйде болған. Қаскөйді анықтау үшін подъезге кіреберіс есіктен бастап, барлық жерден саусақ іздері алыныпты. Көршілерінің сөзінше, педофил сабақтан шыққан төртінші сынып оқушысын пәтеріне дейін аңдып барған. Алғашқыда есік қағып, телефонын қуаттап алуға ішке кіргізуін сұрапты. Ашпаған соң, екінші қайтара келіп, дәретханаға жіберуін өтінген көрінеді. Одан соң бүлдіршінді буындырып, ойына келгенін істеген. Қызды қансырап, есінен танып жатқан жерінен түскі асқа келген әкесі тауып алады.

Жәбір көрген оқушы қазір облыстық балалар ауруханасында жатыр. Оған ота жасалыпты. Дәрігерлер жағдайы жақсы, бірақ қатты шошып қалғанын айтады. Сондықтан онымен психолог мамандар жұмыс істеуде.

stan.kz