БАҚ өкілдері Маңғыстаудағы мемлекеттік қолдауға ие кәсіпорындар жұмысымен танысты

0

2018 жылдың 23 қарашасында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалы осы бағдарламалар аясында қолдау тапқан кәсіпорындар бойынша баспасөз турын өткізді. Журналистер, өз бизнес идеяларын әр салада жүзеге асырып келетін облыстағы төрт кәсіпорынға барып, олардың пайдаланған мемлекеттік бағдарламаларымен танысты.

Журналистер алдымен барған кәсіпорын — «Каспий Кұрылыс ЛТД» ЖШС. Компания Маңғыстау және Атырау облыстарында көп жылғы тәжірибеге ие. Сондай-ақ, 1-санаттағы мемлекеттік құрылыс лицензиясына ие компания. Кәсіпорынның негізгі міндеті – заманауи ыңғайлы, әрі жайлы тұрғын үйдің барлық қажеттіліктеріне ие көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу. Өздеріңізге белгілі, Қазақстанда ипотекалық баспана алуға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асуда. Аталған бағдарлама аясында кейіннен сатып алу құқығын беретін «Жалдамалы баспана» бағыты қолға алынуда.

 Халыққа қол жетімді баспана құрылысын ынталандыру мақсатында құрылыс компаниялары үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау қарастырылған. «Даму» Қорының Маңғыстау филиалының директоры Қалымбетова Гүлжан Жолмұрзақызының айтуынша: «Ақтау қаласы еліміздің мұнайлы қалаларының бірі болғандықтан, Алматы, Астана қалаларымен бірге қолжетімді баспана үлкен сұранысқа ие, оған аймақтағы демографиялық жағдай, туу көрсеткішінің жоғарылауы, халықтың тұрмыс тіршілігінің жақсаруы ықпал етуде. «Айрақты» тұрғын үй кешеніндегі 7 қабатты үйдің құрылысын және «Айрақты-2» тұрғын үй кешеніндегі үш 9 қабатты үйдің құрылысын аяқтау үшін, компания 14%-дық қаржылай көмек алған болатын, оның 7% «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидияланды, несие мерзімі 3 жыл. Құрылыс аяқталған соң жалпы аумағы 20 350 мың ш.м. құрайтын 250 пәтер пайда болады деп жоспарлануда. Пәтерлерді сату тікелей және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы іске асырылады». Аталған жоба «АТФ Банк» АҚ арқылы қаржыландырылды.

Екінші нысан — «Мұхамбет» медициналық орталығы» болды. Орталық – балалар мен ересектерге амбулаторлық-емханалық көмек көрсетіп, дәрі-дәрмектерді таратумен және сатумен айналысады. Медициналық орталықтың 468 ш.м құрайтын ғимаратында барлық қажетті салалық дәрігерлері, сондай-ақ зертханалық диагностика қызмет көрсетеді. Барынша сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында, «Нұр Капитал» шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау аймақтық бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдаудың көмегімен, қолданыстағы заманауи жарақталған медициналық орталықты кеңейтіп, Оңтүстік Кореяда өндірілген медициналық құрал-жабдықтарды несиеге алу арқылы жаңартты. Несие инвестициялық мақсатқа «Forte bank» АҚ арқылы 7 жыл мерзімге, жылдық пайызы 8,5%-ға алынды. Оның жылдық 7,5% 5 жыл бойы жергілікті бюджет есебінен субсидияланады.

«Еліміздің даму жолындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – медициналық қызметтің сапасын арттырып, денсаулықсақтаудың жоғары технологиялық жүйесін дамыту. Ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Мұхамбет» медициналық орталығы «Нұр Капитал» шағын және орта кәсіпкерліктің субъектерін қолдау аймақтық бағдарламасы бойынша жылына 1% құрайтын несие алу мүмкіндігін сәтті пайдаланған болатын. Аталған жабдық тұтынушыға кардиология, гинекология, отоларингология, овтальмология бойынша медициналық қызмет тізімін арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті «Даму» Қорының Маңғыстау филиалының директоры Г.Қалымбетова.

Кезекті «Caspio Plast» ЖШС-і алды. Компания қызметінің негізгі түрі полиэтилен құбырларын шығару болып табылады. Компания Қазақстан өндірушілер нарығында жақында пайда болғанымен, өз саласы бойынша жемісті нәтиже көрсете бастады. Компания құрылатын кезде жетекшілері жоғарғы сапалы өнім шығаруды мақсат еткен болатын. Оған заманауи технологиялар, сондай-ақ, әлемнің жетекші компанияларының құрал жабдықтары мен шикізаты арқылы қол жеткізуге болады. «Даму» Қорының Маңғыстау филиалы өкілінің айтуынша, ірі тапсырыстар түсе бастауына байланысты компания өңдеу өнеркәсібі саласындағы орта және шағын кәсіпкерлік субъектерін қолдау бағдарламасы аясында 6%-дық несиені 3 жыл мерзімге алу туралы шешім қабылдайды. Мақсат – айналымдағы қаражатты толықтыру, негізгі мақсат – шикізат сатып алу. Сондай-ақ компания екінші өндірістік желі ашу арқылы өнімділігін арттыруды жоспарлауда. Аталған жоба «Қазақстан халық банкі» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы арқылы қаржыландырылды.

Жоба 18 ай мен 6 жасқа дейінгі балалар үшін 130 орындық балалар бақшасын құруды көздейді. Аталған жоба «БанкЦентрКредит» АҚ арқылы қаржыландырылған, кәсіпкер 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша қолдау тапқан, несие жылына 6%-бен алынған, бұл өз кезегінде кәсіпкерге кепілдік қамсыздандырудың жетіспеушілігіне байланысты несие сомасының 10%-ы көлемінде Даму қорының кепілдемесін пайдалана отырып, балалар бақшасына қажетті құрал-жабдықтарды алу мүмкіндігін берді. Оқыту және үйрету бағдарламасы әр жас ерекшелігі бойынша топтарға жасақталған, бұл ретте балалар бақшасының қызмет көрсету құны Ақтау қаласы бойынша орташа нарық бағасы деңгейінде. Аталған жоба аясында компания қосымша 12 адамды жұмыспен қамтыды. Атап өтерлігі, кәсіпкер ҚР Үкіметінің 28.05.2010 жылғы Қаулысымен бекітілген тәрбиеленушілерге субсидия алуға арналған «Балапан» мемлекеттік бағдарламсының қатысушысы болып табылады.

Мемлекеттің қолдауын алған кәсіпорындар бойынша баспасөз-туры аяқталған соң «Даму» Қорының Маңғыстау филиалының директоры Г.Қалымбетова «Даму» Қорының Маңғыстау филиалының жұмысына тоқталып, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған   бағдарламаларды іске асыру туралы айта келіп, журналистер сұрақтарына жауап берді, сондай-ақ, «Даму» Қорының негізгі қызметтерімен, кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету, кәсіпкерлер құзыреттілігін дамытумен таныстырды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы