Қазақстанда қандастарға оралман мәртебесін алу шарты өзгереді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Заң жобасына сәйкес, этникалық қазақтар оралман мәртебесін алу үшін 1991 жылға дейін шет мемлекеттің аумағында тұрғанын растамайды

НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанда этникалық қазақтарға оралман мәртебесін алу жолы жеңілдейді. Мәжіліс көші-қон процесіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов этникалық көші-қон саласына қатысты негізгі өзгерістерге тоқталды.

«Біріншіден, қолданыстағы заңнама бойынша, этникалық қазақтар оралман мәртебесін алу үшін Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін шет мемлекеттің аумағында тұрғанын растауы қажет. Бірақ оны көптеген қандасымыз растай алмайды. Әсіресе, 1991 жылдан кейін туғандар. Сондықтан, оралман мәртебесін алу үшін бұрын Қазақстан азаматтығында болмағаны басты критерий болып ұсынылады», — деді министр мәжілістің жалпы отырысында.

Екінші өзгеріс – енді қандастар ықтиярхат, яғни тұрақты тұруға рұқсат пен Қазақстан азаматтығын алуға құжаттарды бір мезгілде өткізеді.

Үшіншіден, Нұрымбетовтің айтуынша, көшіп келушілерге бейімделу және ықпалдастыру қызметтерін көрсететін орталықтардың функцияларын қандастарға ғана емес, ішкі қоныс аударушылар үшін де кеңейту ұсынылады.

Тағы оқыңыз: Белгілі адвокат Тоқаевқа маңызды ұсыныс жасады 

Заң жобасы Қазақстанның 2017-2021 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасына және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленген.

Заң жобасының міндеттері көші-қон заңнамасын тиісті бағыттар бойынша жетілдіруге негізделген:

  • Қазақстанға келген этникалық репатрианттар мен қоныс аударушылар үшін қолайлы жағдай жасау;
  • ел экономикасының қажеттіліктерін қамтитын қолайлы инвестициялық климат құруға бағытталған сыртқы еңбек көші-қонының тиімді жүйесін жетілдіру;
  • халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, көші-қон процестерін реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық базаны кеңейту;
  • заңсыз көші-қонның алдын алу, жолын кесу.

Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.



sputniknews.kz