«Сілкілеп алыңдар»: Нығматулин үкіметке шүйлікті

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Антитеррористік орталықтың мәліметіне сүйенсек, қазір елімізде 3,5 мың білім және мәдениет нысаны террористік тұрғыдан осал болып шықты

НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әлеуметтік нысандарды терроризмге қарсы қорғау жұмысын ұйымдастыра алмай отырған үкіметке шүйлікті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралды. Отырыс барысында мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин террористік тұрғыдан осал нысандардың жай-күйін қозғады.

Осы тұста ол ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты антитеррористік орталықтың деректерін келтірді. Оған сәйкес, елімізде 10 мың нысанның 35 проценті, яғни 3,5 мың объектісі терроризмге қарсы қорғалмаған. Олар мәдениет пен білім беру ұйымдары.

«Оған ақшаның жетпеуі себеп екен. Тағы бір мәрте қайталап айтамын, бұл антитеррористік орталықтың деректері», — деді спикер.

Нығматулиннің бұл уәжіне орталық штабы бастығының орынбасары Герман Диденко жауап берді. Айтуынша, қазір республикада 17 мыңға жуық нысан бар және олардың меншік формасы әртүрлі. Олардың арасында орталық аппараттың да, жергілікті деңгейде және жекеменшік иеліктегі террористік тұрғыдан осал объектілері бар.

Тағы оқыңыз: «Неге күлесіз?!»: Нығматулин министр Атамқұловқа ескерту жасады 

«Сіз сөз етіп отырған нысандарға қаржы бөлуді бақылау, оның жұмсалуын қадағалау мәселесіне тоқталсақ. Әкімдіктердің жанында антитеррористік комиссия жұмыс істейді, оны облыс әкімі басқарады. Олар тоқсан сайын отырысқа жиналып, осы мәселелерді қарастырады. Ұсыныстар әзірленіп, ішкі істер министрлігі тарапынан кешенді тексеріс жүргізіледі. Жыл сайын әр нысан тексеріліп, ұсыныстар дайындалып, комиссия отырысына шығарылады. Ал содан кейін қаржыландыру мәселесі көтеріледі», — деп түсіндірді ол.

Диденко ақша әркімге бірдей бөлінбейтінін айтты.

«Герман Владимирович, біз де осыны айтып отырмыз. Бізде дәл осындай республикалық комиссия бар. Сіздер отырыс өткізген кезде, бұл мәліметтерді үкіметке бересіздер. Әлихан Асханұлы, дәл осы мәселеге сіз қаржы министрі ретінде емес, бірінші вице-премьер ретінде араласуыңыз керек. Әкімдіктер үкіметтен бөлек емес қой, әсіресе қаржыландыру мәселесінде. Әріптестермен жиналып, оларға мектептердің терроризмге қарсы қорғалмағанын айту керек. Ал нысандардың кімге тиесілі екені бұл екінші орындағы мәселе. Ертең ол ғимарат опырылып құлағанда, бізге оның кімнің меншігінде болғаны бәрібір болады», — деп ашуланды Нығматулин.

Тағы оқыңыз: Нығматулин депутаттармен санаспаған үкіметке шүйлікті

Мәжіліс спикері үкіметке бір тоқтамға келуге кеңес берді.

«Ақша бар. Егер де жергілікті немесе орталық мемлекеттік органның қандай да бір басшысы жауапкершілікті сезінбесе, онда үкімет оны шақырып, бір «сілкілеп» алсын. Мектептегі балалардың, халық көп жиналатын орындарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Билік дегеніміз сіз бен біз. Бұл не деген бейқамдық?», — деді төменгі палата төрағасы.

Нығматулин бірінші вице-премьер Әлихан Смайыловқа үкіметке террористік тұрғыдан осал әлеуметтік нысандардың мәселесін назарда ұстауды тапсырды.

«Ұсыныстар бар, олар халықаралық талаптарға сай келеді. Қаржыландыру жағынан біз сіздерді қолдаймыз. Бірақ үкімет тарапынан бұл жұмысты ұйымдастыру жағы ақсап тұр. Білім мен мәдениеттің 3,5 мың нысаны талапқа сай емес деген мәселе күн тәртібінде тұрмауы тиіс. Мұндай нысандар мүлде болмауы керек», — деп қадап айтты мәжіліс спикері.

Смайылов мектептерде ең бастысы бейнекамера орнату қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, тиісті офицер отыруы керек.

«Қазір үкімет терроризмге және діни экстремизмге қарсы жұмыстардың маңыздылығын ескере отырып, бес жылға тиісті бағдарлама қабылдады. Бағдарламаны қаржыландыру жағы да шешілді. Оның аясында терроризмге қарсы іс қимылды іске асыру қарастырылған. Биыл сол бағдарламаны жүзеге асыру үшін 58 миллиард теңге бөліп отырмыз. Келесі жылы 26 миллиард теңге, әрі қарай жыл сайын 36 миллиард теңге бөлеміз», — деді қаржы министрі мәжіліс кулуарында.

Бұдан бөлек, оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар өз бюджетінен жергілікті нысандарға терроризмге қарсы күрес үшін қосымша қаражат бөлуі керек.



sputniknews.kz