Ресейлік спортшылар Олимпиададан шеттетілді: Путин пікір білдірді

0

Ресей президенті Владимир Путин Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің шешімін саясатпен байланыстырып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан — Sputnik. Ресейдің мемлекет басшысы Владимир Путин Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) ресейлік спортшыларға қатысты шешіміне пікір білдірді.

Оның айтуынша, мұндай шешім барша ұжымға емес, жеке спортшыға қатысты болуы тиіс, деп хабарлайды Радио Sputnik.

«Кез келген жаза жеке адамға қатысты қолданылуы керек. Жаза дауға еш қатысы жоқ адамдарға кесірін тигізбеуі керек. Мұны бәрі түсінеді. WADA мамандары да түсінеді деп ойлаймын», — деді Владимир Путин.

Ресей президенті жаза барша ұжымға қатысты қолданылса, бұл шешімнің әлемдік спортқа емес, саясатқа қатысы бар екенін айтты.

WADA Ресейді Олимпиададан 4 жылға шеттетті

Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) кеше, 9 желтоқсан күні ресейлік спортшыларды төрт жылға олимпиададан шеттетуге шешім қабылдады. Енді, алдағы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына тек «таза» спортшылар ғана қатыса алады. Соның өзінде әнұран мен туды шығаруға рұқсат жоқ.

Айта кетейік, WADA-ның шешімі 21 күннен кейін күшіне енеді. Оған дейін апелляциялық шағым түсіруге болады.



sputniknews.kz