министр атаулы әлеуметтік көмектің салдарын айтты
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәсілдерін айтты
НҰР-СҰЛТАН, 9 желтоқсан – Sputnik. Енді тұрмысы төмен отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасыға тоқтатылады. Бұл туралы бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістегі үкімет сағатында еңбек министрі атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәсілдеріне тоқталды.
«Жаңа талаптар бойынша егер де атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасының еңбекке жарамды мүшесі әлеуметтік шартқа қол қойып, кейін жұмыстан бас тартса, әлеуметтік көмек сол жанұяның барлық мүшесіне тоқтатылады», — деді Нұрымбетов.
Бірақ оның айтуынша, бұл мектеп жасындағы балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакетке әсер етпейді.
«Біз көп ойландық. Кепілдендірілген пакет баланың мектепте оқып жүрген мерзіміне дейін тағайындалады. Сондықан егер де отбасының еңбекке жарамды мүшесі жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылады. Бірақ балаларына кепілдендіріген әлеуметтік пакет беріле береді», — деп нақтылады ведомство басшысы.
Тағы оқыңыз: Қазақстанның министрлері тізерлеп отырып, арнайы курстан өтті
Нұрымбетов жұмыстан бас тартқаны үшін атаулы әлеуметтік көмекті бүкіл отбасыға тоқтату туралы жаңа норма не үшін енгізілгенін түсіндірді.
«Осы екі айда мен он бес өңірді аралап шықтым. Халықпен кездескенде бір кісілер атаулы әлеуметтік көмек сұрап жатса, енді бірі «сіздердің атаулы әлеуметтік көмектеріңіздің арқасында жұмысқа адам таппаймын» деп шағымданады. Бір жолы бір шаруа айтады: менің 150 сиырым бар, сауыншы қыз балаларды тартамын, 80-100 мың теңге төлегім келеді, сүттен 20 процентін бергің келеді. Бірақ ол кісілер жұмысқа келмейді» дейді. Себебі жұмысқа бармаса, атаулы әлеуметтік көмек өзіне ғана тоқтатылады да, отбасының қалған мүшелері, балалары ала береді», — дейді министр.
Сондықтан еңбек министрлігі масылдыққа жол бермес үшін жауапкершілікті арттыруды көздеп отыр.
Тағы оқыңыз: Жалақы 50 процентке дейін өседі: Үкімет бірқатар шараны қолға алмақ
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмектің біраз тетігі өзгеріске ұшырайды.
— біріншіден, атаулы әлеуметтік көмек енді тоқсан сайын, шартты және шартсыз көмек үш айға тағайындалады;
— екіншіден, АӘК мөлшері отбасының барлық мүшесі үшін кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы орташа табыс арасындағы айырмашылық ретінде белгіленеді;
— үшіншіден, жұмыстан бас тартқан жағдайда әлеуметтік көмек алу шарттары күшейтіледі. Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшесі АӘК алу құқығынан айырылады.
— төртіншіден, учаскелік комиссия институты күшейтіледі. Заң жобасында учаскелік комиссиялар үшін отбасының атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын анықтау критерийлерін бекіту үшін орталық атқарушы органның құзыреті көзделген. Отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды жасау үшін учаскелік комиссиялардың мерзімі үш күннен жеті күнге дейін ұлғайтылды;
Бұдан бөлек, табысы аз отбасылардың 1-ден 18 жасқа дейінгі балаларына кепілді әлеуметтік пакет беріледі.
Тағы оқыңыз: Министр атаулы әлеуметтік көмек алғандарға қатысты мәлімдеме жасады
Мектепке дейінгі, яғни 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік пен гигиеналық құралдар беріледі. Мектеп жасындағы оқушылар мемлекет есебінен оқу орнындағы тегін ыстық тамақ, мектеп формасы және оқу құралдарымен, мектепке барып-келу жол ақысымен қамтамасыз етіледі.
sputniknews.kz