Зейнет жасы мен әр балаға жәрдемақы: министрлік желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді

0

Әлеуметтік желілерде келесі жылдан бастап әр балаға әлеуметтік жәрдемақы төленіп, зейнет жасы төмендетіледі деген хабарлама тараған

НҰР-СҰЛТАН, 30 қараша – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі желіде зейнет жасы мен әлеуметтік жәрдемақыға қатысты  тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ведомствоның сайтына сілтеме жасап.

«Әр түрлі мессенджерлерде тараған 2020 жылдың қаңтарынан әр балаға әлеуметтік жәрдемақы төленеді және Қазақстанда ерлер мен әйелдердің зейнет жасы төмендейді деген ақпарат шындыққа жанаспайды», — делінген министрлік сайтында жарияланған хабарламада.

Ведомство қазір парламентте мемлекеттік жәрдемақыға қатысты жаңа заң жобасы қаралып жатқанын еске салды. Оған сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған баласы бар немесе күндізгі оқу бөлімінде оқитын 23 жасқа дейінгі студенттері бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Бұл жәрдемақы отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде тағайындалады:

  • 4 балаға – 42 496 теңге;
  • 5 балаға – 53127 теңге;
  • 6 балаға – 63 757 теңге;
  • 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге.

Жаңа жәрдемақыны тағайындау 2020 жылы өтініш берілген күннен бастап жүргізіледі. Құжаттарды қабылдау процесінің мерзімі шектелмеген, яғни көпбалалы отбасының жәрдемақыға 2020 жылдың ортасында ілігіп тұрса, тиісті құжаттармен және өтінішпен халыққа қызмет көрсету орталығына  жүгінеді. Егер бұл деректер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы расталса, көрсетілген құжаттарды ұсыну талап етілмейді.

Тағы оқыңыз: Балаға берілетін жәрдемақы 2020: кімге, қалай және қанша төленеді?

Ведомство 2020 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік жәрдемақылардың басқа түрлерін тағайындау жоспарда жоқ екенін нақтылады.

sputniknews.kz