Өлшем мен секіріс — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека
Қайсыбір зат, я болмаса құбылыстың өзіне тән сапасы, сонымен қатар сандық жақтары болады. Бір қарағанда, олардың бір-бірімен байланысы жоқ, әрбіреуі өзінше өмір сүріп жатқан сияқты. Бірақ ол — үстірт көзқарас. Мұқият терең қарасақ, біз олардың бірлігін байқаймыз. Белгілі бір сапаға соған сәйкес сан келеді, біз оны заттың өлшемі дейміз. Олай болса, өлшем — сандық сапа, я болмаса сапалық сан деп айтуымызға да болады. Екіншіден, өлшем — белгілі бір сапаның шеңберіндегі әртүрлі сандық өзгерістердің бірлігі. Мысалы, судың сандық өлшемі 0-100 градусқа шейін. Бұл сандық шеңберде су өз сапасын жоймайды, бірақ 100 градусқа бір ғана градус қосылса, өлшем бұзылып, су жойылып, дереу буға айналады. Сол сияқты эрбір металдың да өзінің өлшемі (константасы) бар, егер ол 1 градусқа өссе, ол балқи бастайды.
Егер екі шақырымдық биіктікте атылған оқ секундына 7910 м. жылдамдыққа дейін жетсе, ол бәрібір жердің гравитациясының шеңберінен шыға алмай, ақырында, құлайды. Бірақ оның жылдамдығы тек 1 м. ғана өссе болды (7911 м.), жер жылдамдығы ғарыштыққа айналып, ол жерге құламайды. Егерде жылдамдықты 11189 м.сек. жеткізсек, басқа планеталарға ұшуға мүмкіншілік аламыз, ал жылдамдық 16662 м.сек. жетсе, басқа жұлдыздарға ұшуға болады.
Менделеевтің ашқан химиялық жүйесін алсақ, онда да осы заңдылықты байқаймыз. Атомның өзегінің заряды өскен сайын, ескі сапа жойылып, жаңа элементтер пайда болады (сутегінің өзегі -1 протоннан тұрады, 2 — гелийге айналады, 3 — литийге, 4 -бериллийге т.с.с).
Ақшалы азамат қашан капиталиске айналады? Ақшаның сандық мөлшері оны тікелей өндірісте жұмыс істеуден босатып, басқа адамдарды жұмысшы ретінде жалдауға мүмкіндік пайда болған кезде дер едік.
Сонымен бір сапаның екіншіге өтуі зат, энергия, я болмаса информацияның қосылуы, я кемуімен байланысты екен. Әрбір сапалык өзгеріс сандық өзгерістердің негізінде пайда болады.
Жаңа дүниеге келген сапа өзіндік жаңа мөлшерді талап етеді. Мысалы, судың көлемін будың көлемімен салыстырсақ, ол екі түрлі. Бурдың шеңберіндегі молекулярлық байланыстар сумен салыстырғанда, мүлде өзгеше.
Заттың өлшемі сандық өзгерістер арқылы бұзылған сәтте секіріс пайда болып, ол дереу екінші затқа айналады. Сонымен секіріс деп ескі сапаның өлшемінің бұзылуы арқасында жаңа сапаның дүниеге келуін айтамыз. Дүниедегі заттар мен құбылыстар әртүрлі шексіз болғандықтан, олардың өзгеруі тек өзіне тән жолдармен өтеді. Бірақ, қалай айтқанда да, секірістің аты секіріс, ол көбіне жарылыс, күрт, интенсивті қарқынмен жүреді. Мысалы, микроэлемдегі бір элементарлық бөлшектің екіншіге айналуы секундтың миллиардтаған бір бөлігінде өтсе, мегаәлемдегі сапалы үрдістер миллиондаған жылдарға созылуы мүмкін.
Философиялық әдебиетте басқа пікірлер де кездеседі. Мысалы, секіріс «жарылыс», «бірте-бірте» өтеді деген пікірді келтірсек те болғаны (қараңыз: П.В.Алексеев, А.В.Панин. Философия, М., Проспект, 1997, 481-б.). Мұндай көзқарас секірістің мән-мағынасын жоққа шығарып, «бұлдырлатып» жібереді. Күрделі объектілердің сапасының сандық өзгерістер арқылы жетілу сатыларын секіріске теңейді. Ал ол секіріс емес, өйткені мұндай жағдайда өзгерістер сол сапаның шеңберінде өтеді. Сандық мөлшер арнасынан шығып, сапа бұзылған кезде жағдай күрт өзгеріп, секіріс басталады, ол заттың тез арада түбегейлі өзгеруіне, басқа затқа айналуына әкеледі.
Біздің елімізде жүріп жатқан түбегейлі өзгерістер, осы тұрғыдан алып қарағанда, нағыз секіріс болып саналуы қажет. Өйткені күрделі өзгерістер тек қоғамның кейбір салаларын ғана қамтып жатқан жоқ, ол қоғамның барлық құрылымдарында жүріп жатыр. Экономика саласына келер болсақ, тоталитарлық жоспарлы жүйе нарықтық жекеменшікке негізделген шаруашылыққа ауысты; халықты әлеуметтік жағынан тұрпайы теңеу саясаты жаңа топталу саясатына ауысты, әлеуметтік құрылым күрделене бастады; қоғамның саяси саласында бірпартиялық жойылып, әртүрлі таптар мен топтардың мүдделерін қорғайтын көппартиялық жүйе дүниеге келді; бәрін өз астына көмкерген тоталитарлық мемлекет -Левиафан жойылып, жаңа «азаматтық қоғаммен», «адамдардың құқтарымен» санасып жұмыс істейтін мемлекет қалыптасуда; қаншалықты қиындықтың астарында жүріп жатса да, рухани-адамгершілік салада да үлкен өзгерістер байқалады.
Қоғамтану салаларындағы деректерге жүгінсек, өтпелі дәуір шамамен 15-20 жылға созылады екен. Бірақ дүние жүзіндегі бірде-бір ел ТМД елдері сияқты, бүкіл елдің байлығын мемлекеттің қолына өткізген жоқ-ты. Сондықтан біздің «секірісіміз» ерекше, аса қиын жағдайда өтуде. Дегенмен аталған жылдардың шеңберінде нарықтық экономикаға негізделген демократиялық құқтық мемлекеттің мықты іргетастары қаланады деген үміттеміз. Әңгіме -осындай тағдырлы өзгерістерде өз руханиятымызды сақтап, әрі қарай дамыта алсақ болғаны.
Енді аталған ойды нақтылай келсек, 1985-1991 жж. өткен тарихты сараптау, ойлану-толғану, біз неге дүниежүзілік қауымнан қалып қойдық, оған кім кінәлі, не істеу керек деген ойлармен болдық. Практикалық түрде, бүл уақытта әлі нақтылы реформалар басталған жоқ-ты. Тек Кеңес қоғамы құрдымға кетіп, жаңа тәуелсіз мемлекеттер пайда болған кезден бастап, нақтылы реформалар басталды (1991 ж.). Сонда, теоретикалық болжамдарға жүгінсек, күрделі реформалар 2005-2010 жж. аяқталуы қажет. Мүмкін, Түрікменстан, Беларус, Тәжікстан сияқты елдерде ол бұдан да ұзаққа созылуы, ал аса тез қарқынмен келе жатқан Қазақ елі оны ертерек бітіруі ғажап емес, өйткені реформалардың кейбір салалары Ресейден тез өтуде (жекешелендіру, муниципалдық; пенсия жүйесі, аграрлық реформалар т.е.с). Тағы да айту керек, тек өз болмысымызды осы үрдістерде жоғалтпауымыз қажет.
Қорыта келе, біз «сапа», «сан», «өлшем», «секіріс» категорияларының бір-бірімен тығыз байланысты болып, белгілі бір жүйені құрайтынын байкадық. Оны әдебиетте «Сапа мен санның өзара бір-біріне өту заңы» деп атайды. Ал оның мәнін біз жоғарыда көрсетуге тырыстық. Ғылымдағы негізгі мақсаттың бірі — зерттеліп жатқан объектінің өлшемін анықтау. Адамдардың өмірі мен жүріс-тұрысында әрқашанда өлшемнен тыс шығып кетпеуге әдеттену қажет. Сонау көне заманда Солонның айтқан «өте еш нәрсе» деген нақыл сөзін ұмытпағанымыз жөн.
Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!