Шеллинг және оның философиясы — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека
Фридрих Вильгельм Иосиф Шеллинг (1775-1854 жж.) — неміс классикалык философиясының көрнекті өкілі. Дарынды тұлға 15 жасында Тюбинген университетінің теология факультетіне оқуға түсіп, екі жылдан кейін философия магистрі атағын алған. 1798 ж.
23 жасында профессор атағын алып, ол Йена университетінде лек-циялар оқи бастайды. Оның педагогикалық жұмысы осы кезден басталып, 1846 ж. дейін созылды. Шеллинг 1854 ж. дүние салды.
Негізгі еңбектері: «Трансцендентальдық идеализм жүйесі»,
Дүниежүзілік жан жөнінде», «Өнер философиясы», «Философия және дін» т.с.с.
Табиғат философиясы
Жаңа дәуірдегі философияда натурфилософиялық мәселелерді өз заманындағы ашылған жаратылыстану ғылымдарындағы деректермен ұштастырып, сонымен қатар біршама жаңа ойларды дүниеге келтірген Шеллингті, бұл жағынан алғанда, ешкіммен салыстыруға болмайды. Оны Фихтенің жасаған «Үлкен Мені», әсіресе табиғатты тек қана құрал ретінде түсінуі қанағаттан-
дырмайды.
Дүниенің алғашқы бастауын Шеллинг Абсолюттен көреді. Ол -субъект пен объектінің тепе-теңдігі. Өзінің алғашқы кейпін алар болсақ, ол — өзінің субъект, иә болмаса объект екенін әлі білмейтін
рух, саналы және бейсаналы іс-әрекеттің теңдігі. Сонымен Шеллинг тің сөздерімен айтсақ, Абсолют «өзінің мәні бойынша идеалды да реалды да емес, ойлау да, болмыс та емес бірдеңе».
Алайда бұл бірдеңенің дамуға деген талпынысы бар. Оның алғашқы нақтылы көрінісі — ол Табиғат. Егер Фихтенің фило- софиясында «әрекет ет!» деген талап үлкен орын алса, Шеллинг: «Бол !»-дейді.
Сонымен, Шеллингтің ойынша, алғашқы Дүниенің негізінде жатқан тепе-теңдік, оның өмірде болу құштарлығын оятып, ол табиғатқа айналады. Табиғат өзінің алғашқы өмір сүруінен бастап құнарлы, өндіре алатын күш — natura naturans, оны тек қана жұмсақ, қай нәрсені болмасын қабылдай алатын негіз — natura naturata — деп есептеуге болмайды.
Әрине, табиғат өзінің алғашқы сатыларында бейсаналық, стихиялық түрде іс-әрекетте болғанымен, ол белгілі бір мақсатқа лайықты нәтижелерге әкеле бастайды. Табиғаттың осындай даму сатыларын Шеллинг заттардың бір-біріне тартуы мен өзара ите-рулерінен көреді (физикалық тілмен айтқанда, гравитация мен магнетизм). Келесі сатыда табиғатта химиялық өзгерістер пайда бола-ды, ал оның өзі электрлік процестермен тығыз байланысты. Ал бұл процестердің өзі жүре келе тіршілік әлемін дүниеге әкеледі. Осы тұрғыдан Шеллинг тіршілік жөніндегі әртүрлі преформистік көзқарастарды сынға алады (praeformo — латын сөзі, алдын ала құрамын).
Әрине, тіршілік дами келе өзінің ғажап туындысын — адамды Дүниеге әкеледі. Осы тұрғыдан алғанда, адам мен табиғат — субъект пен объектінің бірегейлігін көрсетеді. Таза табиғаттағы гравитация (тарту) қасиеті идеалды өмірде бақылауға ауысады. Соның негізінде адамның ішкі өмірінде бірте-бірте өзіндік сана-сезім пайда бола бастайды.
Өзіндік сананың тарихын Шеллинг үш сатыдан көреді.
Бірінші сатыда ол көмескі түйсіктен шығармашылық аңдауға шейін көтеріледі. Бұл сатыда ішкі сезім мен сезінілетін объект әлі бір-бірімен тең.
Екінші сатыда шығармашылық аңдаудан ұғымдарды туғызуға дейін көтеріледі (кеңістік, уақыт, себептілік, қажеттік т.с.с. катего-риялар пайда болады).
Үшінші сатыда ұғымдардан өзіндік санаға дейін көтеріледі, яғни субъект өзін сыртқы Дүниеге қарсы қойып, сонымен қатар өз-өзін объект ретінде таниалатын дәрежеге көтеріледі. Демек, бейсаналық тарихтан өтіп, белсенді, ерікті және саналы, табиғаттың құрсауын бұзып шығатын күшке айналады. Яғни табиғат қоғамға ауысады. Бұл арада біз Шеллингтің тарих философиясына келіп тірелдік.
Тарих философиясы. Еріктік мәселесі
Қоғам дамуының ерекшелігін Шеллинг «екінші табиғатты» жасаудан көреді: өз-өзін анықтаған субъект енді айнала қоршаған заттарды игеріп, оларды қайта жарастырып, құрып, өз еркіне көндіреді, яғни адамның шығармашылық іс-әрекетінің негізінде обьективтік пен субъективтік бір-біріне өтіп, қайта қосылады. Бұл кісі Қайта өрлеу заманынан бері келе жатқан «іс-әрекет арқылы тану», «жасадың — таныдың» деген нақыл сөздерді қолдайды.
Бірақ, Шеллингтің ойынша, Дүниені ең терең түрде тану басқаша жолмен беріледі. Ол — эзотерикалық (esoterikos — грек сөзі, ішкі, құпия деген мағына береді) жол, ол тек қана интеллектуалдық интунция арқылы ғана болуы мүмкін. Ал оның өзі барлық адамдардың қолынан келе бермейді. Оған тек таңдаулы, аса дарынды адамдар ғана жетпек.
Шеллингтің ойынша, адамзат тарихы — мақсатқа лайықты дамып жатқан Абсолюттің дамуының ең құнды сатысы. Ол өзі тудырған адамзаттың шығармашылық іс-әрекеті арқылы іске асып жатады. Бірақ осы жолда адамдар қаншалықты талпынғанымен, Абсолютке жете алмайды. Ол мақсат тек қана адамзаттың шексіз идеалдық қоғам орнату жолымен жылжуында ғана іске асады. Сондықтан тарихта адамдар өз заманының мұқтаждықтарынан шығатын, шешуге келетін, шынайы мақсаттарды ғана қойып, соларға жетуге тырысуы қажет. Бұл идеяны қазіргі замандағы мәселелермен ұштастырсақ, онда «коммунизм қоғамы» сияқты идеалды, барлық қайшылықтар жойылған қоғамға ешқашанда кетуге болмайды, оған тек шексіз жақындай беруге болатын сияқты.
Шеллингтің ойынша, адамзат тарихы үш сатыдан өтуі қажет. Ьірінші — трагикалық саты, мұнда тағдырдың ессіз күштері көне замандағы ұлы мемлекеттерді келмеске жібереді. Екінші сатыда халықтар мен әртүрлі мемлекеттер табиғи заңдылықтарға сай біріге бастайды, үшінші — әлі тарихқа келмеген болашақта — тағдыр мен табиғаттың күштері бір-бірімен ұласып, Дүниеге Мессия (Құтқарушы) келеді. Әрине, мұндай көзқарастан біз Шеллингтің бірте-бірте теософиялық ағымға өтіп бара жатқанын байқаймыз.
Шеллинг еріктік мәселесіне, Фихте сияқты, көп көңіл бөледі. бірақ ол бұл категорияны қажеттікпен тығыз ұштастырады.
Еріктік дегеніміз — ол тарихи қажеттікті танып-білу, ал оның кілті — жеке адамдарда емес, тек қана адамзаттың қолында, өйткені әр адам өз өмірінің шеңберінде өзінің жеке мақсаттарын қойып, Соған жетуге тырысады. Бірақ барлық адамдардың қосыла жеткен тарихтағы нәтижелері басқаша болып шығады.
Осы тұрғыдан өз заманының тудырған талаптарын талдай келе, Шеллинг алдағы тұрған негізгі мақсат — құқтық мемлекетті орнату деген ойға келеді, өйткені абсолюттік еріктік мүмкін емес, толығынан еріктікке ұмтылған адамдарды шектеу қажет, ал оның өзі құқтық мемлекеттің шеңберінде заңдық жолмен жасалуы ғана мүмкін. Сонда ғана нақтылы тарихи негізделген еріктік мөлшеріне жетуге болады.
Шеллингтің бұл ғажап идеясы бүгінгі Қазақстан қоғамындағы болып жатқан процестерді сараптауға жол ашады, өйткені тоталитарлық теңдіктен либерализм (еріктік) жолына өту бүгінгі таңда өте үлкен қиындықтарды туғызып отыр. Егер біреулер осы уақытқа шейін өзінің ерікті тұлға екенін жете түсіне алмай отырса, екіншілер еріктікті «ойыма не келсе, соны істеймін» дегенге теңеп, моральдық және құқтық нормалардың шеңберінен шығып, асқан арсыздықтың жолында басқалардың несібесін тартып жеуде. Осы аталған және де басқа кемшіліктерді жоюдың негізгі жолдары — ол саясаттың адамгершілік жолдан таймауында, сонымен қатар қоғамның заңдық негіздерін жетілдіруде болса керек.
Өнер философиясы
Шеллингтің жасаған философиялық жүйесінде өнер ерекше орын алады. Егер И.Кант пен И.Фихтенің философиясында адамның моральдық жетілуі тарихтағы негізгі нәрсе ретінде көрсетілсе, Шеллинг оны өнерден, эстетикалық санадан көреді. Соңынан орыстың ұлы жазушы-ойшылы Ф.Достоевский осы ойға сай «Әсемдік әлемді құтқарады» деген нақыл сөзді айтқан болатын.
Шеллингтің ойынша, әлемді тек қана әсемдік арқылы ғана жете түсініп-сезінуге болады, өйткені «универсумның (әлемнің) өзі — абсолютті өнердің туындысы», табиғаттың өзі — «рухтың бейсаналық поэзиясы». Күннің шығуы мен батуы, аралардың ұясы, неше түрлі гүлдердің түрлері мен иістері, құстардың неше түрлі безенуі, жануарлардың дене құрылыстарының әсемдігі т.с.с. – бәрі де бізді таңғалдырады, өйткені Дүниедегі әр затқа шексіз ақыл-ойдың тудырған идеалды ұғымы сәйкес келеді.
Ғылым мен өнерді салыстыра келе, Шеллинг бірінші орынға өнерді, эстетикалық сананы қояды. «Ғылым әрқашанда өнер саласында алғашқы ашылған, сезінілгеннен кейін жүреді». Шел-лингтің бұл ойын растайтын бір мысалды келтірейік. 1970-ші-жылдардан бастап, бұрынғы кеңес қоғамының құлдырай бастағанын, оның алдағы болашақта тарихи тұйықтықка келіп тірелетінін алғаш сезінген өнер қайраткерлері болатын. Ал ғалымдарға келер болсақ, олар тек сол қоғам келмеске кеткен уақыттан бастап қана оны сараптай бастады.
Өнер саласының құндылығын Шеллинг генийлердің (genius -лат. сөзі, аса дарынды деген мағына береді) іс-әрекетімен тығыз байланыстырады. Өйткені олар — Абсолюттің құралы, бірақ оны олар сезінбейді. Генийдің өмірі — ерікті де, зардап пен шаттыққа, шығармашылық іс-әрекетке толы. Ол өнер саласында белгілі бір мақсат қойып, оны ертелі-кеш орындайды, дүниеге асқан әсем туынды келеді. Ал бірақ оған ол қандай жолмен, қандай заңды-лықтардың нәтижесінде жетті — оны ол көбіне түсіне бермейді. Өйткені өнер қайраткерінің туындысын Дүниеге әкелетін ең терең себеп — ол Абсолюттің өзі.
Алайда гений өз шығармасын тудырып, оның кемеліне келген әсемдігін сезініп, шексіз шаттанып, одан ғажап ләззат алады. Өйткені оның рухы өзінің жасаған өнер туындысы арқылы заттанды (объективтелінді), ал заттанған өнер шығармасынан идеалды өмірдің нышаны байқалады (субъективтелінді). Сонымен өнерде объективтік пен субъективтік бір-бірімен қосылып, алғашқы бейсаналық теңдіктің дамыған финалы, соңы ретінде байқалады.
Шеллинг өнер саласын, негізінен, екіге бөледі. Біріншісі -реалдық өнерлер. Оған ол музыканы, сурет, архитектура мен скульптураны жатқызады. Екіншісі — лирика, эпос және драма. Егер біріншіге жататын өнер салалары көбіне дене әсемдігіне көңіл бөлce, екіншілер, одан да жоғары — рухани әсемдікті көрсетеді. Әрине, бұл классификацияға күмәндануға әбден болатын сияқты. Музыка арқылы сөзбен жеткізе алмайтын нәзік сезім толқындарын тудыруға болатынын бәріміз де білеміз, олай болса оны екінші топқа жатқызуға, әрине, болар еді.
Шеллингтің ойынша, ең биік өнер — ол поэзия. Ол арқылы Абсолют өзін-өзі ең терең түрде сезіне алады. Соңынан, XX ғасырда өмір сүрген ұлы неміс философы М.Хайдеггер бұл пікірді толығынан қолдап, поэзияда философиялық ой-өрістің шеңберінде ашылмаған болмыстың сырлары ашылады деген болатын.
Сонымен тек өнерде ғана адам өлшенбейтін, бұл өмірде жоқ
ғажапқа іштей беріліп, жан тыныштығына иеленеді. Ал ол — өлшемі жоқ ғажап, ол — Құдай. Абсолют ұғымы — оның тек қана сөзбен
берілген аты ғана. Соңынан Шеллинг өнердің Құдай идеяларына қатыстығы бар екенін көрсетіп, өнерді сүйіп-түсінудің өзі -Құдайдың адамға жауған нұры деген пікір айтты.
Көріп отырғанымыздай, өмірінің соңына қарай, Шеллинг бірте-бірте діни философияға қарай ауытқып, «аян философиясының» жолына түсті. Шеллингтің замандастарының көбі оның бұл ауытқуын теріс қабылдап, жас кезінде даңққа, сыйға бөленген философ қартайған шағында жалғыздықтың, ұмыт қалудың да қасіретін басынан өткізді.
Қалай айтқанда да, ұлы философтың идеялары философия тарихында әрі қарай өз өмірін сүріп кете барды. Ол өзінен кейінгі көп ұлы философтардың ой-өрісінің қалыптасуына зор әсерін тигізді. Біз оны болашақтағы тақырыптардан көретін боламыз. Шеллингтің философия тарихында өз орны бар және ол адамзат есінде мәңгі қалады да деген ойдамыз.
Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!