«Мама, үйге қайтайықшы» деді: Ауруханада көз жұмған 5 жасар қыздың отбасы дәрігерлердің жазалануын талап етті — Қазақстан жаңалықтары
Дәрігерлер жазалансын! Ақтөбеде 5 жасар қызынан қапыда айрылып қалған ата-ана осындай талап қойып отыр. Олар қаладағы үш аурухана бүлдіршінді қабылдамай, 8 сағат бойы сенделтіп қойғанын айтады. Жедел жәрдеммен әр ауруханының есігін қағып тентіреп жүргенде Іңкәр әбден әлсіреп, инфекциялық ауруханада демі үзілген.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.
Кішкентай Іңкәрдің суреттегі бейнесіне қарап көз жастарын тия алмаған жақындары одан көз жазып қалғандарына әлі сенер емес.
«Облыстық балалар ауруханасына барғанымызда олар инсульт болуы мүмкін деп тексерді. Ол жерде 4 сағат отырдық. Кейін олар менингит болуы мүмкін деп инфекциялық ауруханаға жіберді. Олар тағы да тексеріп, пневмония деп қайтадан қалалық ауруханаға жіберді. Консилиум жасап, пневонияны жоққа шығарып, инфекциялық аурханаға қайтып келдік. Баламды соңғы рет көргенімде: «Мама, үйге қайтайықшы», — деді. Ертесіне қайтыс болғанын естіртті», — дейді марқұмның анасы Алмагүл Ахметова.
Анықтамада Іңкәрдің өлімі вирусты менингиттен болды деп жазылған. Бірақ жақындары диагнозға да күмәнмен қарайды. 8 сағат бойы үш аурухананың дәрігері баланың немен сырқаттанғанын нақты біле алмады, дейді. Егер менингит болса, неге бізді бақылауға алмады, карантин жарияламады деп аң-таң.
«Дәрігерлерді жазалауын талап етеміз. Өйткені солардың кінәсы. Бізді анда-мында жүгіртіп қойды, уақыт жоғалттық!» — дейді Іңкәрдің әкесі Қажымұқан Ахметов.
«Атақты болғысы келді. Анасы етік алып берген. Ол қарды көргісі, сол қарда етігімен жүргісі келіп еді. Бұйырмады… Өз аяғымен барған баланы мәйітханадан алып кеттік», — дейді марқұмның әжесі Әсия Ирғалиева.
Облыстың денсаулық сақтау басқармасы Іңкәрдің менингитке шалдықпағанын айтады. Баланың бас миын вирустың инфекция зақымдаған болуы мүмкін, дейді.
«Ұйымдастыру тактикалық ақау бар екенін білеміз. Себебі бала бірнеше қабылдау бөліміне барған. Вирустық инфекция миын, барлық ағзасын зақымдап, миында ісіну болған. Өлімінің себебі осындай болып отыр», — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.
Бес жастағы Іңкәрдің өлімінен кейін тәуелсіз комиссия құрылған. Олар үш аурухананың жұмысын тексереді. Қорытындысын алғаннан кейін, шара қолданбақшы. Ал Іңкәрдің ата-анасы дәрігерлердің үстінен прокуратураға шағым түсірген.
stan.kz